Шаққалиев міндеттемелерін орындамаған экспорттаушылар жайында: Қажет болса, сотқа береміз

АСТАНА. KAZINFORM — Отандық тауар экспорттаушыларға көмек ретінде берілген 1 теңге тек салық ретінде 500 теңге кіріс әкеледі. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев айтты.

Арман Шаққалиев
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Бірлескен отырыс барысында сенат депутаты Серік Шайдаров өткен жылы Қазақстанның экспорты шамалы өсім көрсетіп, 81,6, млрд долларды құрағанын, алайда, экспортты негізінен шикізат тауарлары құрауын жалғастырып келе жатқанын айтты. 

— Бұл экономиканы әлемдік бағаның ауытқуына осал етеді. Мәселен, өткен жылы жалпы экспорт көлемінің 53 пайызын шикі мұнай құрады. Экспорт көлемін ынталандыру және арттыру жөніндегі мемлекеттік шаралардың бірі — экспорттаушылар шығындарының бір бөлігін өтеу. Қазақстан тауарларын сыртқы нарықтарға экспортын ілгерілетуге жәрдемдесу бағдарламасы бойынша 3 жыл ішінде республикалық бюджеттен 29,2 млрд теңге бөлінді. Бұл біздің ойымызша, аз емес. Өткен жылы аталған мемлекеттік қолдау шарасын 129 кәсіпорын 6,3 млрд теңге сомасында алды. Бұл ретте экспорттаушылардың экспорт көлемін, салықтық түсімдерін және жұмыс орындарының санын арттыру бойынша міндеттемелерін алады. Айта кету керек, 2021 жылы мемлекеттік қолдау алған экспорттаушылардың 25 пайызы өздеріне қарсы міндеттемелерін орындамады, — деді ол.

Оның атап өтуінше, 2022 жылы мұндай компаниялардың үлесі үштен бірге жетті.

— Бұл мемлекеттік қолдау шарасы экспорт көлемінің артуына және әртараптандырылуына айтарлықтай әсер етпеді деп айтуға болады. Депутаттық корпус мемлекеттік қолдаудың тиімділігіне күмәндануда. Экспорттаушыларды мемлекеттік қолдаудың тиімділігіне талдау жүргізілді ме? Өз міндеттемелерін орындамайтын компаниялар саны неге өсуде? Сіздің ойыңызша, Қазақстан экспортының құрылымын әртараптандыру үшін не қажет? — деп сұрады сенатор Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтен.

Министрдің дерегінше, өткен жылдың қорытындысы бойынша шикізаттық емес экспорт 46 млрд долларды құрады. Ол жоспарланған көрсеткіштен 3 млрд долларға көп.

— Соңғы 3 жылда 14 елде 40-тан астам іс-шара өткіздік. Іс-шаралар барысында 2,5 мың В2В кездесу ұйымдастырдық. 2024 жылы ғана 1,3 млрд доллардан астам сомаға келісімшарттарға қол қойылды. Көмек ретінде берілген 1 теңге тек салық ретінде 500 теңге кіріс әкеледі. Бұл біз көрсеткен қолдаудың тиімділігі. Соңғы 3 жылда жаңадан қосылған тұрақты экспорттаушылар саны 780-ге жетті. Өткен жылы 129 компания 6,3 млрд қолдау алған. Бұл компаниялардың экспорт көлемі 1,3 трлн теңге болды. Өкінішке қарай, Жоғары аудиторлық палатаның есебінде 13 компания бар. Олармен нақты жұмыс істейміз. Қажет болса, материалдарды сотқа береміз. 2024 жылы көмек алған компаниялар өздерінің қарсы міндеттерін 100 пайыз орындады. Ал шикізаттық емес экспортты арттыру үшін біздің нысаналы көрсеткішіміз 2030 жылға дейін оны 52 млрд долларға жеткізу. Бұл экспорттың 45 пайызын құрайды. Нақты шаралар қолданып жатырмыз, — деді Арман Шаққалиев.

Айта кетейік, Үкімет үйінде Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп жатыр.

Соңғы жаңалықтар