ШАҚПАҚ АТА МЕШІТІ
Жартастан қашап салынған Шақпақ Ата мешітінің құрылысын зерттеген ғалымдар Алан Медоев ІХ-Х ғасырларға, ал Серік Әжіғали ХІІ-ХІІІ ғасырлардағы сәулет өнері ескерткішіне жатқызады. Шақпақ-Ата мешітінен көшпенділердің тас-қалаушылық өнерін көруге болады. Мешіттің орталық күмбезі бөлмені басып өтетін ұзын түзара, оның екі қапталында қоржын үй орналасқан. Орталық намаз оқитын 5,0х4,5 метр бөлме залының төрт бұрышынан жұмыр бағаналар қашалып, олардың арасы сәнді дарбазамен байланыстырылған. Залдың төбесінен күмбез ойылып, одан цилиндр тәрізді биіктігі 1,55 метр ойынды шығарылған. Ойынды сырттағы шаршы жобадағы павильонмен жалғасады. Павильон орталық бөлмеге жарық түсіріп тұрған ойындыны жауын-шашыннан қорғаумен қатар, бақылау мұнарасы қызметін де атқарған. Қос қапталындағы бөлмелердің солтүстік жағындағысы жолаушылар аялдайтын ханака (сәкісі бар) болуы ықтимал. Ал оңтүстік жағындағы төргі қабырғасында михраб, оның жағынан екі бөлме ойылған. Шақпақ Ата мешітінің қабырғаларында арнайы жасалған өрнек белгілері байқалмайды, тек әр жерінде тайыз қашалған қуыстар бар.
Негізгі әшекей-өрнек бас кіре берістің тақтасы мен босаға қабырғаларын нақыштауға жұмсалған.Залдың босаға қабырғалары әр ғасырдағы суреттермен көркемделген, ол жерден жануарлардың, қару-жарақтың, салт-атты адамдардың, ағаш және гүлдердің бейнесін, жазуларды, тағы басқаларды көруге болады.
Осы қорымда Шақпақ Ата мешітінен басқа Х-ХІХ ғасырлар аралығында іргесі қаланған сағанатам, құлпытас, сағана-қойтас сияқты көптеген діни ескерткіштер сақталған.
Дерек көзі:
Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 9 том.