Шәкірттерімнің жетістігін жоғары бағалаймын – таэквондо бапкері
АСТАНА. KAZINFORM - Таэквондодан Қазақстан 21 жасқа дейінгі құрамасының аға жаттықтырушысы Давран Разиев шәкірттерінің биылғы жетістіктері жөнінде Kazinform тілшісімен ой бөліскен еді.
- Қазақстандық жастар әлем чемпионатында жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Жетістікті қалай бағалайсыз? Көңілден шықты ма?
- Дүниежүзілік додада жүлдеге қол созу оңайға түспейді. Өйткені, әрбір спортшының негізгі мақсаты - жанкүйерлер сенімін ақтау, елге табысты оралу. Шәкірттерім бұл талапты жақсы түсінді. Әрбір жекпе-жегінің жауапкершілігін сезінді. Сондықтан сайыс барысында ширақ қимылдап, жеңіске деген жігер танытты. Бұл - әрбір спортшыға қажетті қасиеттің бірі. Осылайша біз беделді бәсекеде қазақстандық жанкүйерлердің үмітін ақтап, жеңіс тұғырынан көріндік, жүлдеге қол жеткіздік. Шәкірттерімнің жетістігін жоғары бағалаймын. Олар өте жоғары дәрежеде ойын көрсетті.
Әлем чемпионатына дайындығымыз жоғары деңгейде өтті. Спортшылар тыңғылықты дайындала білді. Оқу-жаттығу жиындары барысында шеберлігін жетілдіріп, бұрынғы қателіктерден сабақ алуға тырысты. Бұл шәкірттеріме оң әсер етті. Алғашқы сәттен қарсыластарын қапы қалдыру жолын іздеді. Олардың арасынан Бейбарыс Қаблан мен Батырхан Төлеуғали жеңіс тұғырынан көрінді.
- Байқасақ, қай-қайсысының да қарсыластары осал болмаған секілді. Алайда жігер, шеберлік, жауапкершіліктің арқасында биік белесті бағындырғаны көрініп тұр. Алдын ала қарсыластарды зерттей алдыңыздар ма?
- Біз әлем чемпионатына аттанар алдында әрбір іске мән береміз. Өйткені, қарсыластар жайында маңызды ақпараттар жинай алсақ, ол спортшылар үшін оңайға соғады деп ойлаймын. Осыған байланысты әрбір жағдайға толық назар аудара білдік. Осал тұстарын зерттедік. Бұл біз үшін өз жемісін берді. Жекпе-жек барысында шәкірттерім өздеріне сенімді ойын көрсете білді. Нәтижесінде қарсыластар жеңіліске ұшырады. Тактикалық тұрғыда берген тапсырмамыз дұрыс болып шықты. Спортшылардың оны толықтай орындауына мүмкіндік болды. Ол қазақстандық жастардың жоғары жетістікке жетуіне негіз қалады деген сенімдемін.
- Жарыс алдында құраманың мақсаты қандай болды? Қанша жүлде алу жоспарда бар еді?
- Біз мұндай межені спортшылардың мүмкіндігіне қарай саралаймыз. Әріптестеріммен ақылдаса отырып, бір медаль жиынтығы еншімізге бұйырады деген ойда болдық. Яғни, алтын, күміс, қолаға қол жеткізуді жоспарлаған едік. Нәтиже жоспардағыдан жоғары болды. Алға қойған мақсатты толықтай орындай алдық.
- Шәкірттеріңіздің мүмкіндігін қалай бағалайсыз?
- Әлем чемпионатында ешқандай осал қарсылас болмайды. Әбден ысылған шеберлер келеді. Оны дүбірлі доданың өту барысында анық байқаған болатынбыз. Десе де шәкірттерім жақсы нәтиже көрсетуге тырысты. Сайыс барысында ширақ қимылдап, барынша жоғары жетістікке қол созуға күш салды. Әрине, ойлағандай жүзеге аса бермейтіні тағы бар. Десе де олардың жеңіске деген жігері көрініп тұрды. Ешқайсысын бөліп жармаймын. Шәкірттерім әлі де тәжірибе жинақтап, алдағы уақытта жанкүйерлерді зор табысымен қуантады деген ойдамын. Жалпы, жүлделі орындарға қол жеткізу мүмкіндігіміз жоғары болды. Атап айтқанда, Назым Махмутова, Алтыншаш Ыдырыс, Мария Севостьянова ширек финалда сүрініп, жүлдеге қол созым жерде қалды. Алдағы уақытта халықаралық жарыстарда қазақстандық таэквондошылар бұдан да жоғары жетістіктерге қол жеткізеді деген сенімдемін.
- Әлем чемпионатында өзге елдердің құрамалары қандай дәрежеде ойын көрсетті? Олардың жетістігін қалай бағалайсыз?
- Дүбірлі додаға ешкім әлсіз спортшысын жібермейді. Бұл мақсатта әрбірі қаншама уақытын жұмсайды. Оқу-жаттығу жиындарын өткізеді. Тынбай тер төгеді. Кейінгі жылдары әлемде спорттың бұл түрі кеңінен дамып келеді. Жарысқа қатысушы жастардың деңгейі артқанын аңғарып жүрміз. Сондықтан біздің құрама үшін әрбір сайыс оңайға түспейтінін байқау қиын емес. Қарсыластың осал тұсын тауып, ұпай қорын молайтуға маңыз бердік. Әрине, өзіне деген сенімділік әрбір спортшыға күш береді деп ойлаймын.
Рас, біздің құрамада бұрыннан талай додада бақ сынаған шәкірттерім аз болған жоқ. Дүниежүзілік додада әбден ысылған жастар бұл жолы да өз мүмкіндігін мүлт жібермеуге тырысты. Бастысы, ойлағанымыз жүзеге асты.
- Алда қандай жарыстар бар ?
- Бізді әлі де көптеген сайыстар күтіп тұр. Сондықтан дайындық мәселесін естен шығармаймыз. Спортшылардың әрдайым бабында болуына назар аударамыз. Оқу-жаттығу жиындары жалғасады. Олардың шеберлігін шыңдауға, тәжірибесін арттыруға көңіл бөлеміз. Қазақстандық таэквондошылар әлі де жанкүйерлерді қуантатын болады деген ойдамын. Оған лайықты жастарымыз бар. Бастысы, біз олардың үнемі бабында болуын қадағалап, толайым табыстарға жол ашамыз.
Айта кетсек, бұдан бұрын таэквондодан 21 жасқа дейінгілер арасында әлем чемпионы атанған Бейбарыс Қабланмен сұхбаттасқан едік.
- Әрбір дүбірлі дода алдында ерекше сезімде болатының белгілі. Жоғары табысқа қол созуды қалайсың. Сол мақсатта ұзақ уақыт бойы тер төгуге тура келеді. Қазір көңіл күйім өте керемет. Жоспарды орындай білдік. Тұңғыш әлем чемпионы болғаныма қуаныштымын, - деді ол.