Шақшақ Жәнібек, Ұлы дала, Рубинштейн: Қостанайда бірқатар көшенің атауы өзгереді
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Бүгін Қостанайда 4 көше мен саябақтың атын өзгертуге қатысты қоғамдық тыңдау өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мамыр айының соңында қалалық мәслихатқа қоғам өкілдерінің бастамасымен Қостанай қаласы әкімінің үндеуі келіп түсті, онда Уральская көшесін - Шақшақ Жәнібек батыр көшесіне, Дзержинский көшесін - Сағадат Нұрмағанбетов көшесіне, Урицкийді - Самат Бәкіров көшесіне, Железнодорожная көшесін - Бертран Рубинштейн көшесіне ауыстыру ұсынылды.
Ал Гашек көшесінің бойындағы саябаққа «Ұлы дала» атауы ұсынылып отыр.
Тыңдауға қоғам белсенділері, мемлекеттік органдар мен қалалық ұйымдар, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.
Уральск көшесіне Шақшақ Жәнібек батыр есімін беру бойынша еңбек ардагері Рахымбек Жұмақұлов сөз сөйледі.
«Шақшақ Жәнібек беделді әрі дипломат адам болды. Ол туралы көптеген тарихшылар, оның ішінде Левшин «Шақшақ Жәнібек болмағанда Қазақстанның солтүстігі Қалдан Сереннің (Жоңғар хандығының билеушісі – ред.) қоластында қалар еді» деп жазды, - деді Жұмақұлов.
Қарапайым азаматтар да сөз сөйледі, олар Шақшақ Жәнібек есімін Уральская емес, Карбышева көшесіне беруді ұсынды, себебі Уральская - қысқа ғана көше.
Баяндама жасаған Жұмақұлов әуежайдан түсетін қала тұрғындары мен қонақтары Уральская көшесі арқылы өтетінін, оларды айналма жолдан Шақшақ Жәнібек ескерткіші қарсы алуының символдық мәні барын қадап айтты.
Енді бұл мәселені республикалық ономастикалық комиссия қарап, түпкілікті шешім қабылдайды.
Бұған дейін Қостанайда бірнеше көшенің атауы өзгеруі мүмкін екені хабарланған еді.
Естеріңізге сала кетейік, Қостанайда Абылайханның серігі Шақшақ Жәнібекке ескерткіш орнатылған болатын.
Шақшақ Жәнібек 1693 жылы Торғайда дүниеге келген. Ол білікті қолбасшы, сол үшін тархан жоғары әскери атағын алған, беделді мемлекет қайраткері болды.
Шақшақ Жәнібек 1752 жылы қайтыс болып, Түркістанда жерленген.