Шалғай ауыл «Жол картасының» жемісін көре алмай отыр
- Розақұл Сатыбалдыұлы, елімізде «Жол картасы» бағдарламасына үлкен мән беріліп отыр. Осы бағдарлама Сіз болған өңірде қалай жүзеге асуда?
- Елбасы биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында бірқатар тапсырмаларды жария етті. Ел Президентінің тапсырмасын орындау мақсатында, соның ішінде қазақстандықтарды дағдарыс кезеңiнде экономиканың тиiмдi дамуын қамтамасыз ететiн жұмыспен қамту стратегиясын жүзеге асыру үшін Үкімет «Жол картасы» бағдарламасын әзірлегені белгілі. Аталған бағдарламаға республикалық бюджеттен 140 миллиард теңге бөлді. Соның аясында республика аумағында жолдар мен көшелер жөнделіп, елді мекендер жарықтандырылып, жасыл желекке бөленуде. Мыңдаған жұмыс орны ашылып, тұрғындардың ертеңгі күнге деген сенімі нығаюда. Өзім куә болған Оңтүстік Қазақстан облысы тұрғындары да «Жол картасының» нәтижесін нақты көріп қана қоймай, өздері де тікелей атсалысып жатыр.
Облыстық «Жол картасы» бағдарламасына 25,7 млрд. теңге бөлінген. Оның 14,5 млрд. теңгесі қазірдің өзінде игерілді. 37 мыңнан астам жұмыс орындары ашылды. Адамдар құлшыныспен еңбек етуде, бәрі де ашық, халық құлағдар етілген.
- Қандай өзекті мәселелер бар екен?
- Атқарылып жатқан істер көп. Дегенмен әр өңір, әр аудан әр түрлі. Оңтүстік өңіріндегі шалғай жатқан ауылдардың тұрғындарымен кездесу барысында ауыл тұрғындары «Жол картасы» бағдарламасы аясындағы өзгерістерді өз деңгейінде сезіне алмай жатқандарын айтты. Мәселен, ауыз су, жұмыссыздық, мәдениет ошақтарының жоқтығы, ауруханалар мен мектептердің ескіргені туралы, тағы да басқа көптеген мәселелерді айтып шағымданды.
Ал шалғайдағы ауылдардың жағдайы тек қана Оңтүстік өңірге ғана қатысты мәселе емес, бұл барлық облыстардағы ауылдардың проблемасы. Елбасының Жолдауында әр ауыл әкіміне шамамен 50-100 млн. теңгедей ақша бөлу керектігі айтылған болатын. Өкінішке қарай, жасалған «Жол картасы» бойынша қаражат қалаларға, аудан орталығындағы ауылдық округтерге молынан беріліп, шалғайдағы ауылдық округтерге шамалы ғана немесе бір теңге де бөлінбей қалған жайттар бар.
- Нақты мысалдар келтіре кетсеңіз?
- Атап айтқанда, Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданында бөлінген қаржының 67 пайызы аудан орталығындағы Шолаққорған ауылдық округіне беріліп, аудандағы 13 ауылдық округтің 8-іне бір теңге де бөлінбеген.
Қарағанды облысында Ақтоғай ауданына бар-жоғы 68 млн. теңге, Ұлытау ауданы бойынша 50 млн. теңге бөлінген. Әкімдіктер бермейін деп емес, қаражат жетпегеннен бөлмеген. Осындай жағдайлар басқа облыстарда да бар.
Сонда шалғай ауылдардағы тұрғындарының кінәлері не? Олар Елбасымыз айтқандай, Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығының қарсаңында ауылдарының кем-кетігін қалпына келтірмей ме?
Төртінші сайланған Парламенттің үшінші сессиясын ашар кезінде сөйлеген сөзінде ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осы мәселе туралы айта келе, нақты қаржының әр ауылға жетуі жөнінде міндет қойды. Осыған байланысты мен Үкімет басшысына жолдаған сауалымда 2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру барысында «Жол картасы» бағдарламасын жалғастыру үшін 2010 жылы 200 миллиард теңге қаржы бөлуді қарастыру туралы ұсыныс жасадым. Депутаттық сауалыма «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конститутциялық Заңының 27-ші бабына сәйкес жазбаша жауап беруін өтіндім. Енді Үкімет басшысының жауабын күтемін. Ұсынысым жерде қалмайды деген сенімім бар.