Шалғайдағы елді-мекен мұғалімдері үшін «ауылдық коэффициентті» енгізуді сұраймыз – депутат
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдады.

«Бүгінде қолданыстағы заңнамаға сәйкес ауыл мұғалімдерінің жалақысы мен тарифтік ставкалары қалалық мұғалімдердің ставкаларымен салыстырғанда жиырма бес пайызға көтерілді. Аталған заңның арқасында ауыл мұғалімінің жағдайы түзелді, тіпті, ауылдағы ұстаздардың қалаға көшкісі жоқ. Бұл ауылдағы оқушыларға қала мектептерімен тең дәрежеде білім беру үшін қабылданған дұрыс шешім болатын. Бірақ, өкінішке қарай, осы заңда назардан тыс қалған бір мәселе бар.
Ол тұрғылықты халық саны орташа ауылдан аз болса да, мәртебесі «қала» немесе «кент» статусына ие болған елді-мекен мұғалімдерінің жағдайы. Барлық критерий жағынан ауылдық елді-мекендерге жататын кенттер мен шағын қалалардағы мұғалімдер заңда белгіленген 25 пайыздық қосымша төлем – «ауылдық коэфициентке» қол жеткізе алмай отыр.
Яғни, олар тұратын елді-мекеннің әкімшілік мәртебесі қағаз жүзінде «қала» немесе «кент» болғанымен, іс жүзінде, ол қала да, кент те емес, кәдімгі ауыл!
Мысалы, Ұлытау облысы Қаражал қаласы тұрғындарының саны 8 мың адам, ал, Жәйрем кентінде 9 мың халық тұрады. Осы елді-мекендерден 20 шақырым жердегі «Жеңіс» ауылының мұғалімдері «ауылдық коэффициентті» алады. Ал, облыс орталығы Жезқазғаннан 220 шақырым, Қарағандыдан 500 шақырым қашықта орналасқан Қаражал мен Жайрем кентінің мұғалімдері аталған үстемақылардан, тиісті әлеуметтік көмектен, қалалық емханаларға қаралу секілді тағы да басқа мүмкіндіктерден айырылған. Сол себепті де, мәселен, Жәйрем кентінің мұғалімдері көршілес ауылдарға жұмыс ауыстырады екен», - деді Қарақат Әбден.
Ол осы жағдайға байланасты «Ауыл» партиясының еліміздегі 10 000 адамға жетпейтін кенттер мен аудандық маңызы бар шағын қалалар бойынша мәселені мұқият зерттегенін тілге тиек етті.
«Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша, елімізде халық саны 10 000 адамға жетпейтін 36 елді мекен – кенттер мен шағын қалалар есепке алынған. Ол жерде 70 тен астам жалпы білім беретін мемлекеттік мектеп бар. Өңірлердегі осындай кенттер мен қалалардың мұғалімдерін қолдау қажет деп есептейміз! Яғни, шалғайдағы мектептердің барлық белгісі бар, концепцияға толықтай сәйкес келетін елді-мекен мұғалімдеріне ауылдық коэффициент қолжетімді болу тиіс. Бұл ұсыныс оң шешімін тапса, кішкентай «кент», «қала» мәртебесі бар елді-мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер ететіні сөзсіз. Сол себепті, құрметті Тамара Босымбекқызы, әкімшілік мәртебесі «қала» не «кент» болғанына қарамастан, кәдімгі ауыл тірлігін кешіп отырған шалғайдағы елді-мекен мұғалімдері үшін «ауылдық коэффициентті» енгізуді сұраймыз», - деді Мәжіліс депутаты.