Шалғайдағы аудан ауруханасына жаңа рентген аппараты алынды - БҚО

ОРАЛ. 6 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Жәнібек аудандық орталық ауруханасына республикалық бюджеттен бөлінген 47 миллион теңгеге Германияда шығарылған стационарлық-диагностикалық  сандық «Филипс» рентген аппараты алынды.
None
None

Аталмыш рентген аппараты науқастарды қазіргі заманға сай әдістермен емдеуге арналған. Мәселен, емделуші аппаратқа қаралған соң кескіндемесі бірден компьютерге түседі. Медицина қызметкерлері бұрынғы ескі аппарат шығарған пленкаларды тасымалдап, уақытты текке кетірмейді. Жаңа рентген аппараты электрондық нұсқа арқылы файлды қажет жерге дереу жібере алады.

-Ауруханадағы 1972 жылы алынған рентген аппаратының тозығы жетіп, мерзімі біткен болатын, - дейді «Жәнібек аудандық орталық ауруханасы» МКҚК директоры Тимур Мұсағалиев, - Бұл арнаулы қондырғы аудандық орталық аурухана күрделі жөндеуден өткеннен кейін іші-сырты жаңарып, жасанған ғимарат жаңа емдеу аппараттарымен жабдықталып,  қамтамасыз етілуге лайық деген ұстаныммен алынып отыр. Соңғы екі жылда сырқаттар аудандық өкпе ауруларын емдейтін ауруханадағы рентген аппаратына түсіп жүруші еді. Енді бүгінгі күн талаптарына толық сәйкес келетін қондырғы арқылы ем-дом алатын болады.

Директордың айтуынша, жаңа рентген аппаратын ауруханаға орнататын мамандар келіп, іске кірісіп кеткен.

Соңғы жаңалықтар