Шалғайдағы Қаратөбе ауданының тұрғындары да «көгілдір отын» қызығын көре бастады

ОРАЛ. Шілденің 3-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - БҚО-ның Қаратөбе ауданының тұрғындары да «көгілдір отын» қызығын көре бастады.
None
None

Аудан әкімі Арман Өтеғұловтың айтуынша, аудан орталығы Қаратөбеде 720 үй болса, соның 445-і газ құбырын кіргізуге ниет білдірген болатын. Ауыл ішіне газ құбыры барлығы 28,8 шақырымға тартылуы тиіс болса, соның 8,5 шақырымына жұмыстар атқарылды. 140 үй иесі төлемін төлеп, олардан 8,3 млн. теңге түсті. Күні бүгін 11 үйге газ құбыры кіргізілсе, 38-іне енді жеткізілмек. Бұл жұмыстарды «ГазКотлаМонтаж» ЖШС атқаруда.

Сырым ауданы орталығы Жымпитыдан Қаратөбеге дейінгі газ құбырын тарту ісін «ТеңізМұнайҚұрылыс» АҚ сапалы жүргізді. «Көгілдір отын» Шөптікөл ауылында орналасқан автоматты газ тарату стансасынан бөлініп отырады. Алдағы жылдары ауданның басқа да елді мекендеріне газ құбырын тарту жұмыстары жобаға сәйкес атқарылатын болады.

Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің сөзіне қарағанда, Елбасы тапсырмасына сәйкес қолға алынған, құны 261 млн. АҚШ долларын құрайтын «Қарашығанақ-Орал» газ құбыры құрылысының бірінші кезеңі өткен жыл соңында аяқталып, Теректі ауданының орталығы Федоров ауылы мен соның төңірегіндегі елді мекендер газға қосылған болатын. Биыл осы жобаның екінші кезеңі жүзеге асырылып, Сырым және Қаратөбе аудандарына табиғи отын жеткізілді. Облыс аумағында жалпы ұзындығы 552 шақырым магистральды газ құбыры тартылды. Бұл 146 елді мекендегі 100 мың адамды «көгілдір отынмен» қамтуға мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар