18:39, 06 Қараша 2013 | GMT +5
Шалғайдағы Жиекқұм елді мекеніне ауыз су жеткізілді - БҚО
ОРАЛ. 6 қараша. ҚазАқпарат - «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында Бөкей ордасы ауданы Бисен ауылдық округіне қарасты Жиекқұм елді мекеніне ауыз су жеткізілді.

«Хамза-Жиекқұм» су құбырының ашылу салтанатында аудан әкімі Нұрлан Рахымжановтың атап өткеніндей, Елбасы тапсырмасына сәйкес шалғай ауылға да су келді. Бұл мақсатқа 206,7 млн. астам теңге жұмсалды. Өткен жылдың маусымында басталған жұмыс биыл мәреге жетті. 2012 жылы ауданда «Аймекен-Саралжын» су құбыры пайдалануға берілсе, ел, міне, тағы бір игілікті істің біткеніне куә болды.
Күні бүгін Жиекқұм ауылында 107 үй бар. «Қатынас болмаған қиын кездерде қар суын ерітіп ішкен күндеріміз болды», - дейді ауыл қариялары. Міне, сол ауыл тұрғындары көрген қиындық артта қалды.