«Шалқия» кенішінде кен байыту комбинаты салынады - Қызылорда облысы

«Шалқия» кен орны әлемде кен қоры жағынан жоғарғы орынға ие. Комбинатқа әлемдегі жетекші елдердің цинк-қорғасын өндіретін технологиялары енгізілуде. Қазірдің өзінде мұнда 438 адам жұмыс істеп жатыр. Жерастында 150 адам шахтаның жұмыстарын ретке келтіруде. Өндіріс орны тоқырап қалған кезде өзге өңірлерге көшіп кеткен мамандар қайта елге оралуда. Олар жаңа технологияны меңгеру мақсатында шет мемлекеттерде біліктіліктерін арттыруда. Ал кәсіпорын толықтай іске қосылған кезде 1500 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Жобаның жалпы құны 500 млн. АҚШ долларын құрайды. Оның 350 млн. доллары Еуропалық қайта құру және даму банкі арқылы қаржыландырылады.
«Шалқия» қорғасын-мырыш кенішіндегі қуаттылығы жылына 4 млн. тонналық кен-байыту комбинаты - «Қызылорда облысында тау-кен металлургия кешенін дамытудың жол картасына» енген 3 ірі жобаның бірі.
Келесі жылы кен-байыту комбинатымен қоса өндіріс орнының қажеттілігін өтеу үшін мұнда газтурбиналық электростанциясының құрылысы басталатын болды.
Аймақ басшысы мен «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның Басқарма төрағасы Өмірзақ Шүкеев осындай келісімге келді.
- Жоспарға сәйкес 2018 жылы кен байыту фабрикасын іске қосамыз. Жұмысы тоқырап қалған «Шалқия» - мырыштың қоры мен көлемі жағынан әлемдегі 4-ші кен орны. Сондықтан осындай кен орны бола тұрып, оны іске қоспау мүмкін емес. Сол үшін бұл жердегі барлық жұмыстар қатаң қадағалауда болады, - дейді «Самұрық-Қазына» Ұлттық Әл-ауқат Қоры» АҚ-ның Басқарма төрағасы Өмірзақ Шүкеев.