Шалқия кенішінде қысқаруға ұшырағандарға көмек көрсетіліп жатыр

ҚЫЗЫЛОРДА. Қаңтардың 23-і. ҚазАқпарат (Руслан Игілік) – Дағдарыс салдарынан жұмысында қысқаруға ұшыраған азаматтарды жұмыспен қамту мәселесі Қызылорда облысында қалай шешімін тауып жатыр?
None
None
Қаржы экономикалық дағдарыстың салқыны таяуда Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы "Шалқия-цинк" компаниясының жұмысына да әсер етіп, қалыптасқан жағдайға байланысты жұмысшы-қызметкерлер уақытша қысқартуларға ұшырады. Осыған орай ауданда қаржылық дағдарыстың салдарын жеңілдету мақсатында әлеуметтік мәселелерді реттеу жөнінде жедел штаб құрылды. ҚазАқпарат тілшісі қысқартуға ұшыраған жұмысшы-қызметкерлерді басқа салаларға тарту, олардың отбасыларының басқа да түйінді мәселелерін шешу бағытында атқарылып жатқан шараларға қанығу үшін осы штабтың жетекшісі, аудан әкімінің орынбасары Болат Ибрагимовке хабарласқан еді.? Шалқия кенішінен қысқартылған 638 жұмысшының 485-і Жаңақорған ауданының азаматтары. Осы орайда "Шалқия-цинк" кенішінде қалыптасқан жағдайға байланысты қысқартылған жергілікті жұмысшылардың тізімін алып, оларға нақты көмектер көрсету қолға алынуда. "Шалқия-цинк ЛТД" кенішінен қысқартылған 485 тұрғынды аудандық жұмыспен қамту бөлімшесіне жұмыссыз ретінде тіркеп, оларды ауданда биыл басталатын 4 мектеп, 1 балабақша, 1 тынығу лагерінің құрылыс жұмыстарына орналастыру жөнінде мердігер мекемелер басшыларымен келісімдер жасалды. Осының нәтижесінде Жаңақорған кенті бойынша қысқартылған 211 жұмысшының 1-еуі Кейден ауылдық округіндегі мектеп құрылысына, 5-еуі Жаңақорған кентіндегі балабақша құрылысына, 26-сы аудан орталығындағы мектеп құрылысына 2009 жылдың ақпан айының соңында жұмысқа орналастырылатын болып шешілді. Сонымен бірге 41-і қоғамдық жұмысқа, 2-еуі кәсіптік білімін жетілдіруге жіберілді.Шалқия кенті бойынша қысқартылған 202 жұмысшының 28-і Жаңақорған кентіндегі мектеп құрылысына, 2-еуі балабақша құрылысына, 5-еуі Кейден ауылындағы мектеп құрылысына, 67-сі Шалқия туберкулезден сауықтыру шипажайының құрылысына жұмысқа орналасатын болды. Кеніште қысқартылған 71 жұмысшыны (оның 69-ы аудан тұрғындары) компания басшылығы кеніштің өндіріске қабілеттілігін жоғалтпау мақсатында атқарылуға тиіс жұмыстарын орындау үшін қалдырып отырса, 12 аудан тұрғынын "Шалхия тас ұнтақтау" зауытына жұмысқа орналастырды.Сонымен қатар қысқартылған жұмысшыларды жұмыспен қамту мақсатында "Нұр Орда" ЖШС-не 20, "Сарыбұлақ" ЖШС-не 150, "Орион" ЖШС-не 30, сонымен қатар Кеңес ауылындағы мектеп құрылысына 50 адамды жұмысқа орналастыру жөнінде меморандум қабылданды.? Қысқартуға ұшыраған азаматтардың отбасы мүшелеріне басқа қандай қолдау шаралары көрсетілуде? ? Қысқартылған жұмысшылардың әлеуметтік карталары жинақталып, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары зерттеліп, нәтижесі бойынша 2009 жылдың қаңтар айынан бастап олардан атаулы әлеуметтік көмек, мемлекеттік жәрдемақы және тұрғын үй көмегіне құжаттар қабылдануда. Жұмыстан қысқартылған 337 отбасының әлеуметтік қолдауға мұқтаж екендігі анықталып, 1018 адамның 2009 жылға балалар жәрдемақысы, 261 отбасының 1300 адамына атаулы әлеуметтік көмек, 220 отбасыға тұрғын үй көмегін төлеу үшін құжаттар қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 30 млн. теңге бөлінді. Аталған отбасыларда 155 оқушы бар. Оларға міндетті оқу қорынан көмек берілетін болып шешілді. Яғни, 86 бала ыстық тамақпен және 69 бала киім-кешекпен қамтамасыз етілсе, сонымен бірге осы балалар арасынан 3 баланы жазғы демалыс кезінде лагерьде тегін жолдамамен тынықтыру жоспарлануда.Бүгінгі таңда "Шалқия Цинк ЛТД" ЖШС-нен жұмыстан қысқарушылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын қалыпты жағдайда ұстау үшін бірқатар шаралар атқарылуда. Олардың арасында екінші дәрежелі банктерден несие алушы қарызгерлерді қолдау мақсатында қарызы бойынша үстеме ақшасын (пеня) тоқтату жөнінде келісімдер жүргізілді.? Қазір әлем экономикасындағы күрделі ахуалдың себеп-салдарын, осы орайда Елбасының тапсырмасы бойынша Үкімет қабылдаған іс-қимыл жоспарын көпшілік алдында түсіндіру маңызды шараның бірі болып табылады. Осы бағытта қандай шаралар жүзеге асырылуда? ? Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауын насихаттау мен түсіндіру және бүгінгі таңдағы қаржылық дағдарысқа, сонымен бірге "Шалқия" кенішіндегі қалыптасқан жағдайға байланысты құрамына "Нұр Отан" партиясының беделді мүшелері қамтылған аудандық ақпараттық-насихаттық топтары Шалқия және Жаңақорған кентінің тұрғындарымен кездесулер өткізді. Бұл кездесулер тұрғындардың жалпы мемлекеттің саясатына, мемлекеттік органдарға деген сенімін арттыра түсуімен ерекшеленді."Шалқия цинк ЛТД" кенішінде қалыптасқан жағдайға байланысты Шалқия кенті бойынша қысқарған жұмысшылардың арасында олардың пікірін білу, қоғамдық-саяси өміріндегі өзекті мәселелері мен хал-ахуалын анықтау мақсатында әлеуметтік сауалнама жүргізілді. Сауалнама қорытындысы бойынша Шалқия кентіндегі қысқарған жұмысшылардың 70 пайызы өздерінің кеніш тарапынан берілетін жалақы есебінен тұрмыстық жағдайларының жақсарып келе жатқандығын білдіре отырып, кеніштің қайта жұмыс жасауын қалайтындықтарын жеткізген. Сұралғандардың пікірінше, жергілікті билік институттарына деген сенім 75 пайызды құрап отыр. Әлеуметтік зерттеу қорытындысы бойынша респонденттердің 87 пайызы кенттегі қоғамдық-саяси жағдайды тұрақты және қолайлы деп бағалайды. Көрсетілген нәтижеден аймақтағы қоғамдық-саяси жағдайдың тұрақтылығы байқалады.
Соңғы жаңалықтар