Шамамен 4,5 млрд доллар: Түркия белсенді түрде ғылымға қаржы құя бастады

АСТАНА. KAZINFORM — Түркия ғылымға инвестицияны жылдан жылға арттырып жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Шамамен 4,5 млрд доллар: Түркия белсенді түрде ғылымға қаржы құя бастады
Фото: Anadolu агенттігі

2024 жылы Түркияда ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) орталық бюджеттен 178 миллиард түрік лирасы (бұл 4 миллиард доллардан астам) бөлінді. Бұл туралы елдің Статистика институтының (TÜİK) «Орталық бюджеттің ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға арналған қаражаттары мен шығындары – 2025» атты жаңа есебінде айтылған.

Жарияланған деректерге сәйкес, ҒЗТКЖ-ға жұмсалған шығындар орталық бюджеттің жалпы көлемінің 1,51%-ын және Түркияның жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) 0,41%-ын құрады. 2024 жылы елдің ЖІӨ 43 трлн 410 млрд 514 млн лираға жеткен.

Бұл ғылыми зерттеулер мен технологиялық әзірлемелердің ұлттық саясат пен экономикадағы маңыздылығының артып келе жатқанын көрсетеді. Үкімет Түркияның халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруды мақсат етіп, ғылыми әлеуетті дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр.

Сондай-ақ, 2025 жылға арналған бастапқы бюджет жоспарларына сүйене отырып, TÜİK ҒЗТКЖ-ны қаржыландыру одан әрі өсіп, 236 млрд 262 млн лираға жетеді деп болжауда. Бұл елдің инновациялар, білім беру, цифрландыру және технологиялық тәуелсіздік бағытын стратегиялық тұрғыда қолдайтынын білдіреді.

Сарапшылар мұндай инвестициялар қорғаныс өнеркәсібі, медициналық технологиялар, энергетика және ақпараттық технологиялар секілді негізгі салалардың дамуын едәуір жеделдете алады деп есептейді.

Бұған дейін Түркия шетелдегі ғалымдарды елге шақырып, айына шамамен 4 мың еуро (шамамен 2,5 млн теңге) және басқа да жомарт бонустар ұсынатыны туралы хабарлаған едік.

Еске сала кетейік, Түркияда жалған дипломға қатысты ауқымды қылмыстық схема әшкереленді.

Соңғы жаңалықтар