Шанхай мен Сианьда жұмыс істейтін екі қандасымыз таныстырылды — шетелдегі қазақ баспасөзі

Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Шанхай мен Сианьда жұмыс істейтін екі қандасымыз таныстырылды — шетелдегі қазақ баспасөзі
Фото: Видеодан алынған скрин

Өзбекстан мен Қазақстан арасында тағы бір әуе бағыты ашылды — ӨзА 

Қос бауырлас ел — Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы байланыс тағы бір маңызды қадаммен нығая түсті.

Түркістан қаласынан Самарқанға бағыт алған алғашқы жолаушылар ұшағы кеше Самарқан халықаралық әуежайына сәтті қонды.

Шанхай мен Сианьда жұмыс істейтін екі қандасымыз таныстырылды — шетелдегі қазақ баспасөзі
Фото: А. Исроилов, ӨзА

Бұл туралы осы аптада «ӨзА» ақпарат агенттігі мәлімдеді.

Хабарламада аталған бағыт Қазақстанның «QAZAQ AIR» әуе компаниясы тарапынан іске қосылды. Енді бұл рейс Астана, Түркістан және Самарқан қалаларын өзара байланыстырып, өңірлік туризм мен іскерлік қарым-қатынастың дамуына жаңа серпін бермек.

Тұрақты әуе рейстері аптасына екі мәрте — бейсенбі және жексенбі күндері орындалады. Бұл — жолаушылар үшін қолайлылықты арттырып қана қоймай, екі ел арасындағы мәдени, экономикалық және туристік байланыстарды одан әрі жандандыруға ықпал етпек.

Айта кетейік, алғашқы рейстің келуіне орай өткен арнайы іс-шараға Қазақстан Республикасының Самарқан қаласындағы бас консулы мен Самарқан облысы әкімдігінің өкілдері қатысқан.

Сондай-ақ осы аптада «ӨзА»-да «Бұхараға келетін саяхатшылар легі жылдан жылға көбейіп келеді» деген тақырыптағы фоторепортаж жарияланды.

Аталған ақпарат көзінің дерегінше, Бұхараның ғасырлар бойы сақталған тарихи ескерткіштері бүгінде алыс-жақыннан келген шетелдік туристермен қайтадан жанданып, қала өзінің тарихи болмысымен таңқалдырып отыр.

Шанхай мен Сианьда жұмыс істейтін екі қандасымыз таныстырылды — шетелдегі қазақ баспасөзі
Фото: Pixabay.com

Атап айтқанда, биылғы жылдың алғашқы үш айында Ресейден — 9758, Қытайдан — 2878, Қазақстаннан — 1830, Үндістаннан — 1353, Жапониядан — 1338, Италиядан — 1161, Түрікменстаннан — 961, Франциядан — 929, АҚШ-тан — 785, Ираннан — 738, Испаниядан — 668, Малайзиядан — 611 және Индонезиядан — 653 турист Бұхараға сапарлап келген.

Туризм саласындағы ең үздік бағыттардың бірі ретінде танылатын Бұхараға жыл соңына дейін 2 миллион 200 мыңнан астам шетелдік турист келеді деп күтілуде, деп жазады өзбекстандық БАҚ.

Шанхай қаласында тұратын дәрі жасайтын жас маман Бауыржан — CNR

Осы аптада Қытайдың «Орталық халық радиосы» ақпараттық агенттігі Шанхай қаласында тұратын дәрі жасаушы жас маман Бауыржан Сейілбекұлы атты қандасымыздан алған видео сұхбатын жариялады.

Шанхай қаласында тұратын дәрі жасайтын дарынды жас маман Бауыржан Сейілбекұлы түскі бір сағаттық демалыс уақытын пайдаланып сұхбат берген. Оның әр күні қарбалас өтеді, таңертеңгі қызметке келуден бастап, түрлі күрделі аспаптармен дәрі-дәрмектерді зерттеп, одан қатысты деректерді, анықтамаларды шығаруға дейін барлық жұмыстар дарынды жас маманның міндеті екен.

Оның Шанхайдағы өмірі, қызметі туралы тілшіге берген сұхбатын қысқаша таныстыра кетейік.

Бауыржан Сейілбекұлының айтуынша, ол қазіргі уақытта Шанхайдағы фармацевтикалық компанияда жұмыс істейді.

2012 жылы Шанхай Цзяо Тонг университетіне тамақ өнеркәсібі және инженерия мамандығына қабылданған.

2016 жылдан бастап Шанхай фармацевтикалық компаниясында пептидтермен байланысты жұмыспен айналыса бастаған.

Оның күнделікті жұмысы алдымен бірінші зерттелетін үлгілерді сұрыптаумен басталады.

Бауыржан қол астындағы әріптестеріне жасайтын эксперименттер мен жұмыстарды реттейді. Ал екінші кезекті жұмысы бір күн бұрын жасалған эксперименттік есепті қайта тексерумен жалғасады. Сосын жаңа препараттарға зерттеу жоспарларын жасайды екен.

Оның қазіргі жұмысы фармацевтика саласы химиямен тығыз байланысты сала.

Бауыржан Сейілбекұлы өз жұмысында клиенттермен ағылшын тілінде сөйлесу өте маңызды екенін айтады. Әсіресе, бірнеше жыл бұрын шетелдік компанияда қызмет істеген кезінде жұмыс тілі ағылшын тілі болған. Қазіргі уақытта қытайлық компанияда жұмыс істегенімен тұтынушылардың барлығы еуропалық және басқа да шетелдік тұтынушылар болғандықтан қазіргі жұмыс тілдері әлі де қытай және ағылшын тілдері болып табылады.

Б. Сейілбекұлы 2020 жылы үйленген. Оның әйелі де Шанхай Цзяо Тонг университетін бітірген. Екеуі оқуды тәмамдаған соң даму үшін Шанхайда қалуды шешкен. Былтыр сәбилі болған. Ендігі жоспарлары жарқын болашақ үшін Шанхай қаласында мамандығымыз бойынша жұмысымызды жалғастыра беру дейді қандасымыз.

Сондай-ақ осы аптада «CNR» басылымында «Құштар: бұл менің өскен жұртым» деген тақырыптағы Қытайдың тарихи астанасы саналатын Сиань қаласында жұмыс істейтін қандасымыз туралы видео сұхбат жарияланды.

Құштар Мұхтарұлы
Фото: видеодан алдынды

«Даянта мұнарасы маңындағы жастық көктем немесе бұл менің өскен жұртым», дейді Сианьда қызмет істейтін Құштар Мұхтарұлы.

Қытайлық БАҚ-тың дерегінше, байырғы қала Сианьдағы Даянта мұнарасы ежелгі заманнан бергі жылжып өткен жылдар, аунап өткен айлардың айғағы. Ол осында өзге жұрттан келіп, қоныс теуіп, өркен жайған жандардың өмір картинасының куәсі іспетті.

Бүгін тілімізге тиек болатын әңгіме Сиань Электронды ғылым-техника университетінде жетекші ұстаз қызметін атқаратын геройымыздың жастық көктемі жайлы болады, деп жазады Қытайдың «Орталық халық радиосы».

Қайтпас жастың құмға біткен тораңғыдай қайсар рухы 13 патшалықтың астанасы болған байырғы қаладан өз өмір жолын тапқан. Ол осындағы жеті жылғы жұмысынан түйгені, сезгені де осы өңірге тамыр тартқаны болды. Сондықтан ол Сианьды бұл менің өскен жұртым, деп санайды екен.

Оның Сианьға қалуына екі себеп болыпты. Біріншісі аталған қаланың климаты туған жері Шыңжаңға ұқсайды. Осында келе салып ауа райына тез үйлесіп кетіпті. Екіншіден Сиань Қытайдың он үш патшалығының ордасы болған. Осындай өте бай мәдениет мені қызықтырды дейді ол.

Иранның бір университетінде әлемнің 130 елінен он мыңдаған студенттер білім алуда — ParsToday

Иранның Мұстафа әл-Әләмия университетінің ректоры бұл оқу орынында әлемнің 130 елінен он мыңдаған шетелдік студенттердің білім алатынын айтты, деп хабарлайды ParsToday ақпарат агенттігі.

Шанхай мен Сианьда жұмыс істейтін екі қандасымыз таныстырылды — шетелдегі қазақ баспасөзі
Фото: parstoday.ir/kz

Аталған БАҚ-тың мәліметінше, Иранның Мұстафа әл-Әләмия университетінің ректоры Әли Аббасидың сенбі күнгі хабарлауы бойынша, Иранның Құм семинариясы ғалымдар, профессорлар мен ғылым қайраткерлерінің саны, осы салада ұсынылған білімдердің алуан түрлілігі және осы саланың ел ішіндегі және сыртындағы әртүрлі ғылыми орталықтармен кең байланысы тұрғысынан әлемде көрнекті.

Аббасидың мәліметінше, Әл-Мұстафа қауымы қазір 130-дан астам ұлттың он мыңдаған студенттерін қабылдайды. Оның 40 пайызға жуығын қыздар мен әйелдер құрайды.

Сондай-ақ ParsToday ақпарат агенттігінде «Иран ғалымдарымен кездесу» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.

Шанхай мен Сианьда жұмыс істейтін екі қандасымыз таныстырылды — шетелдегі қазақ баспасөзі
Фото: parstoday.ir/kz

Ирандық БАҚ-тың дерегінше, 2025 жылғы 2 мамырда әл-Фараби ҚазҰУ Шығыстану факультетіне Алламе Табатабаи университетінің ғылыми істер жөніндегі проректоры Мандана Тишеяр ханым мен Иран ұлттық кітапханасы директорының орынбасары Мортаза Нури мырза ресми сапармен келген.

Ирандық ғалымдар Шығыстану факультеті Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының профессор-оқытушыларымен кездесті. Кездесу барысында барысында екі елдің мәдени және ғылыми байланыстарын нығайту, сондай-ақ білім мен ғылым саласындағы өзара ынтымақтастықты арттыру мәселелері талқыланды.

ParsToday агенттігінің дерегінше, екі университет арасында ғылыми зерттеулер және мәдени жобалар бойынша бірлескен жұмыстарды дамыту жолдары да қарастырылған.

Сондай-ақ Мандана Тишеяр ханым аталған кездесу екі тарап үшін маңызды екенін және ғылым мен мәдениеттің дамуына қосар үлесі зор болатынын атап өткен. Сонымен қатар, ол ҚазҰУ мен Табатабаи университеті бірлесіп шығаратын жаңа ғылыми-танымдық журнал «Наурыз» туралы кеңінен баяндаған.

Ақтөбе мен Сиань арасында тікелей әуе рейсін ашу мәселесі туралы бастама көтерілді — «Халық газеті»

Сиань қаласында Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров пен Шэньси өлкесінің өлке бастығының ресми кездесуі өтті, деп хабарлайды «Халық газеті» aqtobegazeti.kz басылымына сілтеме жасап. 

Шанхай мен Сианьда жұмыс істейтін екі қандасымыз таныстырылды — шетелдегі қазақ баспасөзі
Фото: kaz.people.cn

Аталған кездесу аясында өңірдің инвестициялық және өнеркәсіптік әлеуеті таныстырылған.

Өңір басшысы Шэньсидың өлке бастығы Чжао Ганға Ақтөбе мен Сиань арасында тікелей әуе рейсін ашу мәселесі туралы бастама көтерген. Ол мұндай әуе қатынасының өңірлер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға және туристік ағынды арттыруға септігін тигізетінін атап өткен.

Айта кетейік, қабылдау барысында Ақтөбе облысының индустриялық-инновациялық даму басқармасы мен Шэньси провинциясының коммерция басқармасы арасында сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Түркиядан шыққан «Қайырымдылық кемесі» Суданға жетті — TRT

Судандағы гуманитарлық дағдарыс ушыққан кезеңде 1600 тоннадан астам көмек тиелген түрік гуманитарлық көмек кемесі Порт-Суданға жетіп, маңызды қолдау көрсетті, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.

Шанхай мен Сианьда жұмыс істейтін екі қандасымыз таныстырылды — шетелдегі қазақ баспасөзі
Фото: trt.global

«TRT»-ның дерегінше, «Екінші Қайырымдылық кемесі» деп аталатын бұл кеме Адам құқықтары мен бостандықтары гуманитарлық көмек қоры (IHH) тарапынан жіберілген. Кеме 1605 тонна азық-түлік, киім-кешек, гигиеналық материалдар мен баспана жабдықтарын жеткізген.

Дүйсенбі күні кемені Түркияның Судандағы елшісі Фатих Йылдыз, IHH Басқарма мүшесі Мехмет Энес Арыкан, Судан гуманитарлық көмек комиссары Селва Адем және жергілікті билік өкілдерінің қатысуымен ресми рәсіммен қарсы алды.

Айта кетейік, Елші Йылдыз Анадолы агенттігіне берген сұқбатында «Бұл — Түркияның қақтығыс басталғалы бері жіберген төртінші гуманитарлық көмек кемесі. Олардың екеуін Түркияның Апат және төтенше жағдайларды басқару төрағалығы (AFAD) ұйымдастырды және бұл IHH-нің екінші кемесі», — деген.

Соңғы жаңалықтар