Шанхай ынтымақтастық ұйымы жаһандық ұйымға айнала ма

Осыған байланысты аталған саммитте қандай өзекті мәселелерге басымдық беріледі, ұйым қандай жаһандық проблемаларды шешуге ықпал ете алады, сонымен бірге ұйымға мүше елдер санының артуы ұйым ықпалын қаншалықты арттыратыны жөнінде материал дайындауды жөн көрдік.
Алдымен Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрылу тарихы мен мақсат міндеттеріне тоқталсақ.
Аталған ұйым – 1996 жылы 26 сәуірде «Шанхай бестігі» деген атаумен құрылған еді. Сол кезеңде оның қатарында Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Ресей және Тәжікстан болды. Кейін 2001 жылғы 15 маусымда Шанхайда ШЫҰ құрылып, оның қатарына Өзбекстан Республикасы қосылды.
«Шанхай бестігі» - Шекара аймағындағы әскери салада сенімді нығайту туралы келісім (Шанхай, 1996 ж.) мен Шекара аймағындағы қарулы күштерді өзара қысқарту туралы келісім (Мәскеу, 1997 ж.) жасау мақсатында одақ құрған еді. Бұл екі құжат шекаралас аймақтардағы әскери салада өзара сенім механизмінің негізін қалап, шынайы әріптестік қарым-қатынастардың қалыптасуына ықпал етті. Өзбекстан ұйымға қосылғаннан кейін (2001) «бестік» «алтылыққа» айналып, ШЫҰ деп өзгертілді.
ШЫҰ қандай поблемаларға басымдық беріп келді?
Бастапқы кезде Шанхай ынтымақтастық ұйымы Орталық Азиядағы лаңкестік әрекеттердің, сепаратизм мен экстремизмнің жолын кесу мәселелерін шешуге бағытталған еді. 2002 жылғы маусымда ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының Санкт-Петербург саммитінде Шанхай ынтымақтастық ұйымының Жарғысына қол қойылды. 2003 жылғы 19 қыркүйекте ол күшіне енді. Бұл - ұйымның мақсаттары мен принциптерін, оның құрылымы мен негізгі қызметін бекітетін негізгі жарғылық құжат. Сонымен қатар 2006 жылы ШЫҰ әлемдегі лаңкестіктің қаржылай тірегі ретінде халықаралық есірткі мафиясымен күресу жоспарын, ал 2008 жылы Ауғанстандағы жағдайды қалыпқа келтіру үшін белсенді түрде атсалысатынын жариялады.
Кейіннен аталған ұйым экономика саласындағы байланысты нығайтуға бағыттала бастады. Мәселен, 2003 жылдың қыркүйегінде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің үкімет басшылары көпжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың 20 жылдық бағдарламасына қол қойды. Ұзақ мерзімді мақсат ретінде ШЫҰ кеңістігінде еркін сауда аймағын құру, ал қысқа мерзімді перспективада сауда және инвестиция саласында қолайлы жағдайлар жасау қарастырылған еді.
Ал 2015 жылғы 10 шілдеде Уфада өткен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары кеңесінің отырысында аталған ұйымға жаңа мүшелер – Үндістан мен Пәкістанды қабылдау рәсімін бастау туралы шешім қабылданды. Беларусь Республикасының ШЫҰ жұмысына қатысу мәртебесін бақылаушы мемлекетке дейіне көтеру туралы келісімге қол жеткізілді. Сонымен қатар Әзербайжан, Армения, Камбоджа және Непалға ШЫҰ диалог бойынша серіктес мәртебесі берілді.
2017 жылғы 8-9 маусымда Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің тарихи отырысы өтіп, онда Үндістан Республикасы мен Пәкістан Ислам Республикасы мүше мемлекет ретінде қабылданды.
«ШЫҰ дамудың жаңа белесіне шығып отыр»
Биылғы Самарқанда өткелі отырған саммитте қандай мәселелер көтерілуі мүмкін деген сауалға оралайық. Әлемдік экономика және саясат инстиутының сарапшысы Жұмабек Сарабеков Самарқандта өтетін саммитте басымдық берілуі мүмкін мәселелерге тоқталып өткен еді. Оның сөзінше, саммиттің күн тәртібіне Шанхай ынтымақтастық ұйымын кеңейту мәселесі шығуы мүмкін.
«Жалпы саммитте өте ауқымды мәселелер көтеріледі деп ойлаймын. Себебі қазіргі кезде ШЫҰ дамудың жаңа белесіне шығып отыр. Мәселен, аталған ұйымға жаңа мемлекеттер, яғни Иран, Беларусь сияқты мемлекеттер қосылады. Оған қоса Таяу Шығыс елдерімен серіктестік қарым-қатынас туралы келісімдерге қол қойылуы мүмкін. Осылайша, ұйым ықпалын жүргізетін аймақтар саны артатын болады. Енді оны одан әрі кеңейту мәселесі күн тәртібіне шығады. Сонымен қатар экономикалық серіктестіктерді дамыту бойынша да ұсыныс-пікірлер, оған қоса экономикалық байланыстарды нығайту мақсатында жаңа идеялар айтылуы ықтимал»,-деді саясаттанушы.
Мүше мемлекеттер санының артуы ұйымның жұмысына кері әсерін тигізуі мүмкін бе?
Дегенмен оның сөзінше, ұйымдағы елдер санының артуы оның жұмысына белгілі бір деңгейде кері әсерін тигізуі мүмкін.
«Ұйымға мүше мемлекеттер санының артуы оның ықпалы жүретін аймақты кеңейтетіні рас. Алайда бұл ұйымның жұмысына кері әсерін тигізуі де мүмкін. Бәріміз білетіндей, ШЫҰ-да шешім консенсуспен қабылданады, яғни бір мәселеге қатысты шешім қабылдау үшін ұйымның барлық мүшесі келісім беруі тиіс. Ал оның мүшелері көбейген сайын, консенсусты қамтамасыз ету қиынырақ болады»,-деді ол.
Сарапшының пікірінше, Иран, Үндістан және Пәкістан секілді мемлекеттердің өзара келісе алмайтын геосаяси мәселелері бар, міне, осы дүниелер ұйым жұмысына кедергі келтіруі мүмкін. «Мәселен, Үндістан мен Пәкістан арасындағы Кашмир мәселесі бар, сонымен қоса Иранның өзінің геосаяси мақсаттары басқа мемлекеттердің мүдделерімен сәйкес келмеуі мүмкін. Сондықтан да бұл бір жағынан ұйымның ықпалын арттырса, екінші жағынан оның жұмысын бәсеңдетуі мүмкін. Сол себепті де ұйымның осы бағыттағы жұмысын модернизациялау керек. Десе де енді ұйымның одан әрі қалай дамитынын уақыт көрсетеді»,-деді институт сарапшысы.
«ШЫҰ-ны жаһандық ұйымға айналдыруға асықпау керек»
Қазіргі кезде кейбір сарапшылар ШЫҰ-ның аймақтық ұйымнан жаһандық мәселелер мен процестерге ықпал ететін платформаға айналуы мүмкін екенін айтып отыр. Ал саясаттанушы Жұмабек Сарабеков әзірге жаһандық ұйым болуға ұмтылмай, аймақтардағы өзекті мәселелерді шешсе, соның өзі тиімді болатынын жеткізді.
«ШЫҰ-ның аймақтық ұйымнан жаһандық мәселелер мен процестерге ықпал ететін платформаға айналып-айналмайтыны әлі белгісіз. Қазіргі таңда тек Біріккен Ұлттар Ұйымы ғана жаһандық деңгейде ықпал ете алады. Осы тұста айта кету керек, БҰҰ-ның жұмысына қатысты да сыни пікірлер аз емес. Сондықтан бұл жерде ШЫҰ-ны жаһандық ұйымға айналдыруға асықпау керек. Бұл жерде ең басты мәселе – ұйым жұмысының тиімділігі. Сол себепті Орталық Азия не Таяу Шығыс болсын аймақтық немесе аймақаралық мәселелерді ұтымды шешудің өзі жеткілікті болар еді»,-деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, Шанхай ынтымақтастығы ұйымының саммиті 15-16 қыркүйекте Самарқанда өтеді. Саммитке 15 мемлекеттің басшысы және ШЫҰ-мен ресми байланыс орнатқан онға жуық халықаралық және өңірлік ұйымдардың, атап айтқанда БҰҰ, ЭСКАТО, ЮНЕСКО, ТМД, ҰҚШҰ, ЕАЭО, АӨСШК және ЭЫҰ мен Араб мемлекеттері лигасы жетекшілері қатысатын болады.
Бұған дейін Иран сыртқы істер министрі Хоссейн Амир Абдоллахиян мен Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымының бас хатшысы Чжан Мин Самарқанда Иранның Ұйымға мүше мемлекет мәртебесін алу бағытындағы міндеттемелері туралы құжатқа қол қойғаны хабарланған еді.
Фото: akorda.kz