Шанхайда Халықаралық валюта қорының өңірлік орталығы ашылды

АСТАНА. KAZINFORM — Шанхайда Халықаралық валюта қорының өңірлік орталығы ресми түрде жұмысын бастады, деп хабарлайды ХВҚ.

Шанхайда Халықаралық валюта қорының өңірлік орталығы ашылды
Фото: Синьхуа

Айтылғандай, Шанхайдағы Халықаралық валюта қоры орталығы қордың қарқынды дамып келе жатқан Азия-Тынық мұхиты өңірімен өзара іс-қимылын кеңейтуде маңызды рөл атқарады.

— Бұл орталық зерттеу жүргізуге және білім алмасуға ықпал ететін алаңға айналады. Бұл зерттеу мен білім қалыптасып келе жатқан нарықтары бар елдер мен орта табысты мемлекеттер үшін өзекті саясатты әзірлеуде пайдаланылуы мүмкін, — делінген ХВҚ хабарламасында.

Қордың мәліметінше, Шанхай орталығының қызметі мүше мемлекеттермен, өңірлік институттармен және басқа да мүдделі тараптармен диалог пен өзара іс-қимылды тереңдетуге бағытталған.

Жаңа өңірлік орталықтың алғашқы директоры болып жаһандық және өңірлік экономикалық саясат саласында кең тәжірибесі бар ХВҚ экономисі Йоханнес Виганд тағайындалды.

ХВҚ деректеріне сәйкес, ұйымның әлемнің әртүрлі өңірлерінде 20 орталығы мен кеңсесі бар. Қытайда сонымен қатар Қытай мен ХВҚ-ның әлеуетті дамыту орталығы жұмыс істейді.

Соңғы жаңалықтар