Шанхайда өтетін Қытай импорты көрмесінде Қазақстан өз әлеуетін көрсетеді
Қытайдың алтыншы халықаралық импорттық ЭКСПО көрмесі (China International Import Expo) 5-10 қараша аралығында Шанхай қаласында өтеді. Қазақстан бұл көрмеге 2018 жылдан бері қатысып келеді, деп хабарлайды Kazinform.
«QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ бас директорының орынбасары Әсел Егембердиеваның айтуынша, биыл Шанхайға Қазақстаннан өкілетті делегация келеді, оның құрамына 40-тан астам мемлекеттік, квазимемлекеттік және жеке компаниялар кіреді.
«Биыл Қазақстан екі стенд арқылы таныстырылады. Біріншісі – елдік стенд. Онда Kazakh Invest, Kazakh Tourism, ҚТЖ, Эйр Астана, Қазпошта, ҰАТ сияқты ірі ұлттық компаниялар еліміздің экспорттық, инвестициялық, логистикалық, инновациялық және туристік әлеуетін таныстырады. Агроөнеркәсіп саласын Ет одағы, Қазақстанның майлы дақылдарды қайта өңдеушілер ұлттық қауымдастығы, Астық одағы және Азық-түлік корпорациясы көрсетеді. Екінші стенд - коммерциялық стенд, онда отандық өндірушілер Қытай нарығында жоғары сұранысқа ие ауыл шаруашылығы өнімдерін ұсынады. Қазақстандық кәсіпорындардың импорт көрмесіне қатысуы - ҚР Сауда және интеграция министрлігі арқылы экспортты ынталандыру және ілгерілету жөніндегі мемлекеттік шаралардың бірі», - деді Әсел Егембердиева.
Халықаралық көрмеге қатысу үшін компанияларды іріктеу кезінде ҚХР Мемлекеттік кеден басқармасы импорттаушыларының тізілімінде тұрған, қытай нарығына экспорттауға рұқсат құжаттары мен тәжірибесі бар компанияларға, сондай-ақ өнімдері маркетинг тұрғысынан тартымды кәсіпорындарға басымдық беріледі.
Сарапшылардың бағалауынша, қазақстандық кәсіпорындардың Қытайға 1 миллиард доллардан астам сомаға тауар жеткізуге экспорттық әлеуеті бар.
Әсел Егембердиеваның айтуынша, қытайлық тұтынушылардың сұранысына ие тауарлар қатарында дәнді дақылдар, май өнімдері, сондай-ақ өнеркәсіптік тауарлар бар. Мал шаруашылығы өнімдері мен ауыл шаруашылығы жануарларына арналған құрама жемге сұраныс жоғары.
«Жыл басынан бері қытайлық серіктестермен бірқатар кездесулер өткізілді, QazTrade ҚР Сауда және интеграция министрлігінің қолдауымен Хубэй провинциясы, Ухань және Сиань қалаларында бірнеше сауда миссияларын өткізді. Кездесулер нәтижесінде астық, жарма өнімдерін және қосылған құны жоғары тауарларды өңдеуге инвестиция тарту туралы келісімдерге қол жеткізілді. Біз қазір қытайлық компаниялар үшін сараптама дайындап жатырмыз. Ынтымақтастықтың болашағы зор», – дейді Әсел Егембердиева.
QazTrade мәліметінше, 2022 жылы Қытаймен өзара тауар айналымы 24 млрд долларды құрады. Оның ішінде экспорт 13 млрд доллардан асты. Әсіресе Қытайға мұнай және май өнімдерін жеткізу 13,5 есе өсті. Қазақстанның майлы дақылдарды өңдеушілер ұлттық қауымдастығының болжамы бойынша, алдағы бірнеше жылда қазақстандық кәсіпорындар экспорттық әлеуетін 300 миллион долларға дейін арттыра алады.
Биыл Қытай импорты көрмесіне 137 елдің кәсіпорындары өз тауарларын ұсынады. Олардың арасында ірі ұлттық компаниялар мен трансұлттық корпорациялар да бар.
«Шанхай ЭКСПО көрмесі – бұл қытайлық серіктестер қазақстандық өнімнің сапасын өз көздерімен көріп, бағалай алатын ауқымды алаң, сондықтан мемлекет жыл сайын оған қатысуға үлкен көңіл бөледі. Көрме біздің өнім өндірушілерге үлкен мүмкіндіктер береді, сенімді серіктестер табуға және тәжірибе алмасуға көмектеседі», - деп түйіндеді Әсел Егембердиева.
Бес жылда Қытайдың импорттық көрмесіне ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін 160 компания қатысып, 260 млн доллардың келісім-шартына қол қойылды.