Шаңырақ күні Қонаевта отасқанына 60 жыл толған қарияларға сый-құрмет жасалды

Қонаев
Фото: Қонаев қаласының әкімдігі

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Шаңырақ күні Қонаев қалалық мәдениет бөлімінің басшысы Бибігүл Шайкенова Шинибаевтар отбасымен кездесіп, сый-сияпатын табыстады.

Айту керек, Шинибаев Жақабай Жұмағұлұлы мен Тұрғамбаева Айтаңсық Рыстайқызы екі ұлын ұяға, үш қызын қияға қондырған қадірлі қариялар. Балаларынан 14 немере, 21 шөбере сүйіп отыр.

Әулеттің отағасы Жақабай ата теміржол саласында еңбек етсе, ал жұбайы 36 жыл ұстаз болған. Айтаңсық апа «Халық ағарту ісінің озық қызметкері» атағымен марапатталып, зейнетке шыққан.

«Шаңырақ күнін тойлату дәстүрге айналса керек. Қоғамның іргесін қалаушы әр отбасы тату, қыздары қылықты, ұлдары мінезді, намысшыл болса, ел еңсесінің тік болғаны. Барша қазақстандықтарға бақыт тілейміз. Жас отбасылардың ажырасуы азайып, әр шаңырақ биік болсын! Кез келген жанұя үшін әр күн мереке болуы керек. Біздің отасқанымызға 60 жыл болды. Қызығы мен шыжығын қатар көріп жатырмыз. Осы күнімізге шүкір, тәубе дейміз», — дейді қос қария.

Сондай-ақ Арна ауылдық клубының директоры Анаргүл Серікқызы отау құрғанына 40-50 жыл толған 4 отбасын мерекемен құттықтап шықты. Аталар ақ батасын беріп, әжелер алғысын жаудырды.

Соңғы жаңалықтар