Шаңырақ күні: Отбасы – адам өміріндегі ең қастерлі мекен
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін – «Наурызнама» онкүндігі аясындағы «Шаңырақ күні». Қазақ мәдениетінде шаңырақтың қадір-қасиеті айрықша. Шаңырақ – отбасы белгісі, сондықтан да қазақ халқы жас жұбайлардың отау құрып, шаңырақ көтеруіне ерекше мән берген.
Қазақ ұғымында «шаңырақ» сөзінің символдық мәні бар. Ата-бабалар айналадағы әр заттан пәлсапалық ой іздеп, өмір салтымен байланыстыруға күш салды. Шаңырақты да киелі деңгейге көтеруі тегін емес. Себебі қасиетті сөз көшпенділердің тұрмыс-тіршілігі, таным-түсінігінен туған: киіз үйдің шаңырағы іргені нығайтып, үй ішіне сәуле түсіреді. Оған қоса тәуелсіз әрі дербестіктің үлгісі ретінде қабылданып, жеке шыққан некелі жастарды «шаңырақ көтерді» деп дәріптеді. Бұл есеппен алсақ, шаңырақ көк аспан күмбезі, меншік белгісі, қауіпсіздік кепілі әрі ұрпақтар сабақтастығы ретінде қабылданғанын көреміз. Демек, «Шаңырақ күні» — жекелеген отбасының ғана емес, тұтас ұлтты біріктіру белгісі.
Қазір де отбасының белгісі саналатын шаңырақ сөзінің мағынасы аласарған жоқ. Тіпті, күні кеше жобасын дауыс беруге құқы бар азаматтардың 87,15 пайызы қолдаған жаңа Конституциямызда неке мен отбасыға арнайы бап енгізілген. Нақтырақ айтқанда, 30-баптың 1 және 2-тармағында «Неке және отбасы, ана, әке мен бала мемлекет қорғауында болады» және «Неке — ер мен әйелдің мемлекеттік заңға сәйкес тіркеген ерікті және тең құқықты одағы» деп тайға таңба басқандай жазылған.

Ата заңымызда неке мен отбасыға баса мән берілуі қоғам тарапынан да қызу қолдауға ие болды. Мәселен, Жетісу облысы Кербұлақ аудандық аналар кеңесінің төрағасы Ғалия Ақбасова отбасындағы басты құндылық — ұрпақ тәрбиесі, оның мінез-құлқын қалыптастыру, қоғаммен қарым-қатынасы мен көзқарасын орнықтыру екенін айтады.
— Отбасындағы басты құндылық — бұл ұрпақ тәрбиесі, мінез-құлқы, қоғаммен қарым-қатынасы мен көзқарасын қалыптастыру. Ата заңымыздың жаңа редакциясында неке және отбасы институтына қатысты негізгі қағидаттар көрініс тапқан. Отбасы адам баласының тіршілігіндегі ең қасиетті ұя, ең қастерлі мекен. Ер мен әйелдің мемлекет заңына сәйкес тіркелген ерікті әрі тең құқықты одағы осы ұяның берік іргетасы. Мұндай неке тек екі жыныстың емес, тұтас қоғамның тұрғақтылығына негіз болады. Сондықтан заңмен бекітілген неке тек ресми рәсім емес, ол сенім мен сыйластыққа құрылған қасиетті серт дер едім, — деді Ғалия Ақбасова.
Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева Конституцияда отбасы институтына арналған жеке баптың енгізілуін маңызды шешім деп бағалайды. Оның пікірінше, бұл норма қоғамдағы жауапкершілік пен дәстүрлі құндылықтарды нығайтуға ықпал етеді.
— Жаңартылған Конституцияда отбасы институтын қолдауға ерекше мән берілген. Негізгі заңда отбасы қоғамның маңызды тірегі ретінде қарастырылып, оны қорғау мен нығайтуға бағытталған қағидаттар бекітілген. Бұл дәстүрлі отбасылық құндылықтарды ілгерілетуге, өскелең ұрпақты сол құндылықтарды құрметтеу рухында тәрбиелеуге мүмкіндік береді. Бұған дейін Мәжілісте ЛГБТ пропагандасына қатысты мәселе қаралып, оған тыйым салу туралы шешім қабылданған болатын. Бұл бастаманы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та қолдады, — деді ол.

Қарағанды облысы ҚХА Аналар кеңесінің төрағасы Айжан Қиясова жаңа Конституциядағы неке, ана болу және балалық шаққа қатысты бап ерекше маңызға ие екеніне назар аудартады.
— Соңғы жылдары Қазақстан балалар мен әйелдердің құқықтық қорғалуын күшейтіп, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саласында маңызды қадамдар жасады. Енді бұл бағыттар Конституциялық деңгейде бекітіліп отыр. Бұл өте маңызды. Өйткені отбасыға, балаға және анаға деген нақты көзқарас әрқашан мемлекеттің өз азаматтарына деген қамқорлығының деңгейін көрсетеді. Отбасы қорғалған жерде қоғамдағы сенім де берік болады, қауіпсіздік сезімі жоғарылайды және ішкі саяси тұрақтылық нығаяды, — деді кеңес төрағасы.
Айта кетейік, кеше Орталық референдум орталық комиссиясы республикалық референдумдағы дауыс берудің алдын ала нәтижелерін жариялады. Оған сәйкес, дауыс беруге қатысқан азаматтардың саны — 9 млн 127 мың 197 адамды немесе референдумға қатысуға құқығы бар азаматтар санының 73,12 пайызын құрады. Осылайша жаңа Конституцияны қабылдау туралы мәселенің оң шешімін жақтап, дауыс берген азаматтар саны еліміздің барлық өңірінде дауыс беруге қатысқан 7 млн 954 мың 667 адам немесе 87,15 пайыз болды.