Шара Жиенқұлованың бұрын жарияланбаған сирек бейнематериалы табылды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақтың тұңғыш кәсіби бишісі Шара Жиенқұлованың бұрын жарияланбаған сирек бейнематериалы анықталды, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.

Шара Жиенқұлова
Фото: Видеодан скрин

Қазақтың алғашқы кәсіби бишісі, Қазақстанның халық әртісі Шара Жиенқұлованың сирек бейнематериалы «Архив-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ресей Федерациясының Красногорск қаласындағы Ресей мемлекеттік кинофотоқұжаттар архивінен табылды.

— Бишінің «Бипыл» халық әніне мың бұрала билеген бейнежазбасы Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архивінде сақтаулы. Сараптау нәтижесінде бейнематериалдың 1958 жылғы 21 желтоқсанда өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінің қорытынды концерті кезінде түсірілгені белгілі болды. Аталған онкүндік — қазақ халқының мәдениеті мен өнерін бүкіл Кеңес Одағына танытқан алғашқы ірі мәдени оқиғалардың бірі саналады. 1934 жылы Шара Жиенқұлова М. Әуезовтің «Айман — Шолпан» спектаклінде тұңғыш рет қазақтың «Келіншек» атты ұлттық биін билеп шыққан, — делінген министрлік таратқан ақпаратта.

Сондай-ақ Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек», «Жалбыр» және «Ер Тарғын» операларында ұлттық биді кеңінен танытып, қазақ сахнасының символына айналды.

Бұдан бұрын Ұлттық кітапхана жаңа сирек қолжазбамен толыққанын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар