Шардара әуежайынан халықаралық рейстер ұшырылмақ

Бұл оңтүстік өңірде туризмнің дамуына ықпалын тигізбек. Қазіргі таңда арнайы комиссия әуежай жұмысын қалыпқа келтіру үшін қажетті инвестиция көлемін анықтауда.
Қажетті қаражат облыстық бюджеттен бөлінетін болады. Алғашында әуежайдан ұшақтар Шымкент, Алматы, Астана қалаларына ұшырылмақ. Одан кейін халықаралық бағыттардағы рейстерді де ашу жоспарлануда. Қазіргі кезде Шардарадан жолаушыларды тасымалдау туралы келіссөздер SCAT әуе компаниясымен жүргізілуде. Рейстер Bombardier CRJ200 және Ан-24 ұшақтарында орындалатын болады. «Бұл әуежайға ұшатын оператор мемлекеттен субсидия иеленетін болады», - дейді Шардара ауданы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы Рауан Қошымов. Билеттер құны әзірге нақты айтылмағанымен, алдын ала бағалаулар бойынша Шымкенттен Шардараға ұшу құны 5 мың теңгені құрамақ.