«Шардара», «Көксарай» су қоймаларында жағдай күрделі - ТЖМ
«Бүгінгі таңда Шардара су қоймасының суға толуы – 5,1 млрд м3 немесе 98% құрайды. Көксарай су реттегішінде – 1,8 млрд м3 немесе 98%. Бұл ретте Су ресурстары комитетінің тапсырысымен «Қазгипроводхоз» институты тексеру жүргізіп, оның техникалық жай-күйі туралы қорытынды берді, оған сәйкес жинақтау 1,8 млрд м3 судан аспауы тиіс. Бұл туралы біз Экология және табиғи ресурстар министрлігіне бірнеше рет хабарладық», - деді министр Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Ықтимал су тасқыны жағдайы Шардара су қоймасынан және Көксарай су реттегішінен көп мөлшерде су ағызған жағдайда Түркістан және Қызылорда облыстары аумақтарын су басу қаупімен күрделене түседі.
«Қызылорда облысының солтүстік аудандарындағы мұз қатуды Су ресурстары жөніндегі комитет су шығыны төмен кезде белгілеген, ол су төгінділерін қауіпсіз арттыруға мүмкіндік бермегендіктен, жағдай қиындап барады. Экология және табиғи ресурстар министрлігі Шардара су қоймасы мен Көксарай су реттегішінде судың жинақталу барысын бақылау үшін ведомствоаралық жұмыс тобын құру жөніндегі біздің ұсыныстарымызды есепке алған жоқ», - деді Төтенше жағдайлар министрі.
Өз кезегінде ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова Шардара су қоймасы мен Көксарай суреттегіші айналасындағы жағдай үнемі бақылауда екенін айтты.
Айта кетейік, биыл су тасқыны қардың көп болуына және топырақ қабатының қатты тоңазуына байланысты ауқымды болатын түрі бар. Су басу аймағында 255 елді мекен болуы мүмкін, бұл 127 мыңнан астам үй және 700 мыңнан астам азамат.
Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің айтуынша, өңірлер ірі қалалардың қарын шығарады, ауылдар назардан тыс қалуда.