Шардара оқиғасы: Әкесіне қорлық көрсеткен ұлдың әйеліне қатысты қылмыстық іс қозғалды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Әйелге қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды.

Түркістан облысы полиция департаментінің мәліметінше, Шардара ауданында қарт кісінің қаза табуына байланысты бірнеше бағытта тергеу жүргізіліп жатыр. Бұған дейін Қылмыстық кодекстің «Жәбірленушінің өліміне әкеп соққан қасақана ауыр дене жарақатын келтіру» бабы бойынша іс қозғалып, күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған болатын. Қазіргі таңда ол сот санкциясымен қамауда отыр.
— Сонымен қатар әйел адамға қатысты Қылмыстық кодекстің «Топ болып жасалған ұрып-соғу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі таңда болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесі бойынша барлық қатысушының әрекеттеріне құқықтық баға беріліп, тиісті процессуалдық шешім қабылданады, — делінген ведомство ақпаратында.
Сонымен қатар, полиция департаментінің баспасөз қызметі бұған дейін жәбірленушіден немесе өзге азаматтардан зорлық-зомбылық деректері туралы шағым түспегенін мәлімдеді.
Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.
Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістан облысында әкесін ұрып, қорлық көрсеткен тұрғын қамауға алынғанын жазған болатынбыз.