Каспий теңізінің жағалауында 2 күн қатарынан 5 гектар қамыс жанды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Каспий теңізінің Атырау облысындағы жағалауында 2 күн қатарынан 5 гектар қамыс өртенді.

Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобының ақпаратына қарағанда, теңіз жағасындағы қамыс өрті 15 наурызда тұтанған.
– 15 наурызда Атырау қаласының маңындағы Новокирпичный ауылынан Каспий теңізіне қарай 30 шақырым қашықтықта шамамен 4 гектар аумақта қамыс өсімдігі жанды. Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің 30-дан астам құтқарушысы өртенген қамысты сөндіруге жұмылды. Оған 5 техника бөлінді. Құтқарушылар сапалақтың және мотопомпаның көмегімен қамыс өртін сөндіру жұмысын жүргізді, - деп хабарлады департаменттің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобы.
Ал кеше 16 наурызда қамыс өрті тағы қайталанған. Кешкі сағат 18:40-та сол аумақта 1 гектар аумақта қамыс өртенді.
– Қамыс өрті құтқарушылардың күшімен толықтай жойылды. Төтенше жағдайлар департаментінің кезекші қызметі теңіз жағалауын бақылауға алды, - деп мәлім етті департаменттің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобынан.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда пәтердегі өрттің түтінінен уланған зейнеткер көз жұмғанын жазған болатынбыз.