Шардара су қоймасында су деңгейінің төмендеуінен қалада ауыз су тапшылығы туындады
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Шардарада ауыз су тапшылығы туындады. Бұл жағдай Шардара су қоймасындағы судың шамадан тыс азаюынан қалыптасты. Қазіргі таңда мәселені шешу мақсатында жедел шаралар қолға алынып жатыр.

Қала халқы су қоймасынан келетін ашық су көзін пайдаланып келген. Мұнда 85 көпқабатты тұрғын үйде 1687 пәтер бар, сондай-ақ 4833 жеке тұрғын үй орналасқан. Жалпы 31 883 тұрғынның тәуліктік су қажеттілігі 10–12 мың текше метрді құрайды. Алайда Шардара су қоймасындағы су көлемінің төмендеуіне байланысты бүгінде бұл мөлшер толық көлемде жеткізілмей отыр.
Шардара ауданы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, қалада 4 тамыздан бастап баламалы су көздерін пайдалану жұмыстары басталған. Бас су торабынан 1,5 шақырым қашықтықтағы екі терең ұңғыманы бұрғылау жүріп жатыр. Қазіргі таңда бірінші ұңғыма толық қазылып біткен, енді шаю жұмыстары атқарылуда. Бұл көздерден тәулігіне 3120 текше метр су алу жоспарланып отыр. Су қоймаға пантон орнатылып, қуатты сорғылар арқылы су тартылып жатыр.
Қала тұрғындарын уақытша ауыз сумен қамту үшін көпқабатты үйлердің аулаларына 28 дана су жинау ыдысы орнатылды. Су үнемі толықтырылып отырады. Бұл үшін 10 су тасымалдаушы көлік жұмылдырылған. Әрбір ыдысқа жауапты кезекшілер бекітіліп, судың деңгейін бақылау мен уақтылы толтыру қамтамасыз етіледі. Су көзі ретінде «Өтеғұл» шағынауданындағы ұңғыма пайдаланылып жатыр.
Жекеменшік үш ұңғыма және жеке водовоз иелерімен келісім жүргізіліп, халыққа жеткізілетін судың бағасы тұрақты деңгейде сақталуда. Құдығы бар үйлерге де су жеткізу жұмыстары ұйымдастырылған.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров те Шардара қаласына іссапармен келіп, ауыз сумен қамту бағытындағы жұмыстарды тікелей қадағалап жүр. Бүгін облыс әкімі Шардарадағы көпқабатты үйлерді аралап, тұрғындармен кездесті. Ауыз су ағымын ұлғайту бағытындағы жұмыстарды түсіндірді.
– Биыл су мәселесі өзекті болып тұр. Жағдай қатаң бақылауда. Арнай штаб құрып, барлық іс-шараларды атқарудамыз. Су көлемі артады, бәрі реттеледі. Азаматтар, мамандар үздіксіз жұмыс істеп жатыр, – деген Нұралхан Көшеров пәтерлерге кіріп, су қысымын тексерді.
«Шардара» су қоймасында су көлемінің азаюына байланысты қаланы жедел ауыз сумен қамтамасыз етудің іс-қимыл алгоритмі бекітілген. Алгоритмге сәйкес ауыз су тәуекелдерін басқару бойынша штаб құрылып, жұмыс жүргізіліп жатыр.
- Бүгінде қаланың бас су торабын баламалы су көзімен толтыру үшін ұңғыма бұрғылау жұмыстары жүргізілді. 630 текше метр су беретін қосымша насос орнатылып, іске қосылды. Ауыз су мәселесіне қатысты жауаптылар бекітілген, жағдай тұрақты әрі бақылауда, - делінген облас әкімдігі таратқан ақпаратта.
Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістан облысында қуаңшылық салдарынан егістік күйіп, мал азығы қымбаттағанын жазған болатынбыз.