Шардара су қоймасында суды есептеу жүйесі жаңғыртылды
АСТАНА. KAZINFORM — Шардара су қоймасында су көлемін дәл әрі жедел бақылау үшін 11 арнайы датчик орнатылды. Жаңа жүйе су есебін автоматтандырып, оны тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі мәлім етті
Ведомство Еуразиялық даму банкімен (ЕАДБ) және Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасымен бірлесіп, Шардара су қоймасындағы су есебін автоматтандыру жобасын жүзеге асырып жатыр. Жоба аясында деректерді онлайн режимде беретін 8 гидротехникалық нысанға су деңгейі мен су шығынын өлшейтін 11 датчик орнату көзделген.
Бұл суды дәлірек есепке алуға және қолмен өлшеу қажеттілігін жоюға мүмкіндік береді. Бүгінде монтаждау жұмыстары толық аяқталды. Шардара көпіріне үш су есептеу құралы, «Шардара-Жетісай» көпіріне екі құралдан орнатылды. Сонымен қатар Шардара магистральдық каналына, «Тәуелсіздіктің 20 жылы» каналына, Арыс өзеніндегі гидробекетке, Қызылқұм каналындағы көпірге, сондай-ақ Көксарай контрреттегішінің су жеткізетін және су бұратын каналдарындағы көпірлерге бір-бірден құрал орнатылды.
— Шардара су қоймасындағы су есебін автоматтандыру ЕАДБ гранттық қаражаты есебінен жүзеге асырылып жатыр. Бұл бастаманы іске асыру су ресурстарын ашық әрі тиімді басқаруға берік технологиялық негіз қалыптастырып, төтенше жағдайлардың туындау тәуекелдерін азайтады және еліміздің су шаруашылығы кешенін сапалы жаңа деңгейге көтереді, — деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдраимов.
Айта кетейік, еліміздегі ірі су қоймаларында 64,2 млрд текше метр су жиналды.