Шардарада ауыз сумен қамту жұмыстары қатаң бақылауда тұр

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Шардара ауданына жұмыс сапарымен барып, қала тұрғындарын ауыз сумен қамту бағытындағы жұмыстардың барысын тексерді.

Шардарада ауыз сумен қамту жұмыстары қатаң бақылауда тұр
Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Өңір басшысы Шардара қаласының бас су торабында мамандармен кездесіп, нақты тапсырмалар жүктеді. Бұдан кейін жаңа ұңғыма қазу жұмыстарымен және су тапшылығының алдын алуға бағытталған шаралармен танысты.

Шардарада ауыз сумен қамту жұмыстары қатаң бақылауда тұр
Фото: Түркістан облысы әкімдігі

4 тамыздағы жағдай бойынша, «Шардара» су қоймасында 401 млн текше метр су тіркелген. Су келімі – 144 м³/сек, шығымы – 331 м³/сек. Шардара қаласында 31 883 тұрғын, 6 520 абонент, 85 көпқабатты тұрғын үй (1 687 пәтер) және 4 833 жеке тұрғын үй бар. Ауыз су тасымалдауды қажет ететіндер – 85 көпқабатты үй (6 748 адам) және 64 жеке үй (332 адам).

Су тапшылығына қарсы іс-қимыл алгоритмі бекітілді

Су көлемінің төмендеуіне байланысты облыс әкімінің тапсырмасымен жедел әрекет ету алгоритмі бекітіліп, тәуекелдерді басқару жөніндегі штаб құрылды. Нәтижесінде көпқабатты үйлер орналасқан «Абай», «Қызылжар», IV және «Асем-ай» ықшам аудандарына 28 дана, көлемі 2 тоннадан тұратын су жинау ыдыстары орнатылып, ауыз сумен толтырылды. Бұл резервуарларды тұрақты сумен қамту үшін 10 арнайы су тасымалдаушы көлік жұмылдырылды. Су көзі ретінде «Өтеғұл» шағынауданының ұңғымасы пайдаланылуда.

Шардарада ауыз сумен қамту жұмыстары қатаң бақылауда тұр
Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Бұған қоса, 3 жекеменшік ұңғыма мен 15 су тасымал көлігінің иелерімен келіссөз жүргізіліп, бағаны көтермеу мәселесі түсіндірілді. Құдығы бар үйлерге су жеткізу де жалғасып жатыр.

Ұңғымалар бұрғыланып жатыр

Қаладағы бас су торабын баламалы су көздерімен толықтыру мақсатында жаңа ұңғымалар бұрғылау жұмыстары басталған. Қазір бірінші ұңғымадан 84 метр тереңдіктен су шықты, тік құбыр орнатылып, көзді ашу жұмыстары жүргізілуде. Екінші ұңғыма 30 метрге дейін қазылды, жұмыс жалғасуда.

Шардарада ауыз сумен қамту жұмыстары қатаң бақылауда тұр
Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Қосымша насос іске қосылады

Су деңгейінің төмендеуінен бас су торабының бірінші көтеріліміндегі сорғы жұмысына қажетті көлем жетіспеуіне байланысты, 630 текше метр су беруге арналған понтон үстіндегі насос қондырғысын қосу шаралары қолға алынды. Бұл іске облыс әкімі, аудан басшылығы мен жергілікті тұрғындар белсене атсалысты.

Шардарада ауыз сумен қамту жұмыстары қатаң бақылауда тұр
Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Ауыз суға жауапты мамандар бекітілген. Жағдай тұрақты және жергілікті биліктің тұрақты бақылауында.

Шардарада ауыз сумен қамту жұмыстары қатаң бақылауда тұр
Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Айта кетейік, бұған дейін Шардара су қоймасында су деңгейінің төмендеуінен қалада ауыз су тапшылығы туындағаны хабарланған.

Соңғы жаңалықтар