Шардарада секталар, экстремизм және лаңкестік қатерлерімен күрес жөнінде басқосу өтті

Кездесу барысында аудандық ішкі саясат бөлімінің нұсқаушысы, дінтанушы Н.Үсіпбек Ұзыната ауылдық округіндегі тұрғындарға, ата-аналарға, ұстаздар мен жастарға, бүгінгі таңда діни экстремизм, терроризм, секта, лаңкестік топтардың қоғамға тигізер зардабы мен кері әсері туралы түсінік бере келе, дәстүрлі Ислам дінінің маңыздылығын айтып өтті. Н.Үсіпбек әрбір адам өз отбасын және туыстарын кереғар діни ағымдардың арбауынан сақтандырып отыру керектігін түсіндіре отырып, діни тұрғыда қоғамдағы орын алып жатқан мәселелерге сергектікпен қарау керектігін атап өтті. Сондай-ақ бұл орайда жастар ұйымдарына үлкен міндеттер жүктелетініне баса назар аударылды. Өйткені, өмірлік тәжірибесі аз, әлі оң-солын бағамдап үлгермеген жастар осындай радикалық діни ағымдардың жетегінде кетуге бейім болады.
Кездесу барысында Ұзыната ауылдық округі тұрғындары тарапынан қойылған сұрақтарға тұшымды жауап қайтарылды.