Шардарадағы экологиялық жағдайға байланысты тұрғындармен кездесу өтті
АСТАНА. KAZINFORM — Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиев, оның бірінші орынбасары Саян Келдібеков және облыстық полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов Шардара ауданына іссапармен барды, деп хабарлайды облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.

Олардың бұл сапары аудандағы экологиялық жағдайдың күрт нашарлауына байланысты ұйымдастырылды. Сапар барысында аталған басшылар жағдайды өз көздерімен көріп, тексеру жүргізді. Сонымен қатар, олар аудан тұрғындарымен жеке қабылдау өткізіп, халықтың шағымдары мен ұсыныстарын тыңдады.
Әрбір өтініш мұқият әрі кәсіби түрде қаралды.
Бірқатар мәселелер бойынша сол жерде толық түсініктемелер берілді, ал кейбір өтініштер қосымша қарастыру және тиісті шаралар қабылдау үшін бақылауға алынды.
Облыс прокуроры халық пен тікелей байланыс орнатудың маңыздылығын атап өтті.

— Біздің міндетіміз — азаматтарды тыңдап қана қоймай, олардың мәселелерін шешуге нақты көмектесу. Тек ашық диалог арқылы сенім орнатып, заң үстемдігін қамтамасыз етуге болады, — деді Мұрат Тлеубердиев.
Қабылдау қорытындысы бойынша бейінді бөлімшелердің басшыларына нақты тапсырмалар беріліп, оларды орындау мерзімдері белгіленіп, әрбір өтінішті қарау бойынша бақылау ұйымдастырылды.
Бұған дейін Шардара су қоймасында су деңгейінің төмендеуінен қалада ауыз су тапшылығы туындағаны туралы ақпарат тарады.