Шарын жартастарында тіршілік ететін тәуешкілер фототұзаққа түсті

АСТАНА. KAZINFORM — Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде төлдерімен бірге жүрген тәуешкілер фототұзаққа түсіп қалды. Жабайы жануарлардың табиғи мекеніндегі сәтін ұлттық парк қызметкерлері жариялады.

Шарын жартастарында тіршілік ететін тәуешкілер фототұзаққа түсті
Видеодан алынған кадр

Кадрлардан таулы аймақтың тік жартастары арасында жүрген тәуешкілерді көруге болады. Әсіресе, фототұзаққа қызығушылықпен қараған кішкентай төлдер кадрға ерекше көрік берген.

— Тәуешкілер таулы жердің күрделі бедеріне бейімделген. Олар жартасты аймақтарда еркін қозғалып, табиғи ортада тіршілік етеді.

Фототұзақтар жабайы жануарлардың күнделікті тіршілігін, мінез-құлқын және төлдерінің өсіп-жетілуін бақылауға мүмкіндік береді. Мұндай бақылаулар табиғи ортадағы жануарлар өмірін зерттеуге де көмектеседі, — делінген хабарламада.

Шарын ұлттық паркінің мамандары жабайы табиғаттың осындай әсерлі сәттерін тіркеуді жалғастырып келеді.

Еске салайық, бұған дейін Сібір елігі мен орман сусары фототұзаққа түсіп қалған еді.