Шарм-эш-Шейх әуежайында көз жұмған әйел құқық қорғау саласында жұмыс істеген
АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Шарм-эш-Шейх әуежайында көз жұмған Ақмарал Мұқанова бір кездері Ақтөбе облыстық полиция департаментінің кадр басқармасында жұмыс істеген. Кейін зейнетке шыққан.

Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі Ақмарал Өтегенқызының кадр дайындау ісінде көп еңбек еткенін айтып берді.
- Ақмарал Мұқанова облыстық полиция департаменінің кадр басқармасында абыройлы еңбек етті. Ол құқық қорғау саласында антына адал, ісіне мығым, тапсырманы бұлжытпай орындайтын қызметкерлер тәрбиеледі. Қай кезде де қамқор бола білді. Өз тәжірибесін бөлісіп, жас кадрды бағыттап отырды. Әріптестері оның ашық-жарқын, мейірімді жан деп біледі. Ол үнемі күліп жүретін қарапайым адам еді, - деді Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Еске салсақ, Шарм-эш-Шейх әуежайында Астанаға дейін баратын DV5270 рейсіне отырар кезде үш қазақстандық әйелге жарнама тақтасы құлады. Оқиғаның салдарынан қазақстандық әйел мерт болды, тағы екі отандасымыз жарақат алды.
Қаза тапқан әйелдің ұлы да жатын орынмен қамтамасыз етілді. Қазақстан Елшілігімен барлық қажетті консулдық, құқықтық және гуманитарлық көмектер көрсету бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.