Шаршы тақта шындығы: Қазақстан шахмат державасына айнала ма?
АСТАНА. KAZINFORM – Кейінгі жылдары Қазақстанның шахмат әлеміндегі абырой-беделі артып келеді. Біздің шахматшылар әлем чемпионаттарында барлық санат бойынша сәтті нәтиже көрсетіп, FIDE сайыстарында үздік шығып жүр. Бұл оң өзгеріске не себеп? Отандық шахмат мектебі қалыптасты ма? Kazinform тілшісі шахматшылардың пікірін сабақтастыра отырып сауалға жауап іздеді.

5 жылдық меже
Қазақстанда шахматтың жалпыхалықтық сипат алғанына ғасыр толған жоқ. 1934 жылы I республикалық чемпионат өтіп, Бүкілқазақстандық шахмат турнирінен кейін ғана көпшіліктің қызығушылығы оянды. Сол уақыттан тін тартсақ, қазақ жеріндегі шахматтың дамуын шартты түрде үш кезеңге бөлуге болады. Алғашқысы – ҰОС жылдарына дейінгі кезең, кейінгісі – тәуелсіздік алған шақпен түйінделді, соңғы үрдіс – 90-жылдардан бүгінге дейін жалғасып келеді.
Қызығы, гроссмейстерлер арасында тәуелсіздік жылдарындағы буынның үлесі басым. Бұған мемлекеттік саясат пен спорт ұйымдарының шахматшыларды қаржылай қолдауы әсер етті деп айтуға негіз бар. Себебі, Үкімет әрбір бұқаралық спортты жетілдіру бағдарламасы кезінде шахматты қалыс қалдырған жоқ. Тіпті 2023 жылы Қазақстанда классикалық шахматтан әлем чемпионы атағын алуға арналған матч өтіп, Президент жаһандық додаға қатысқан Дин Лижэнь мен Ян Непомнящийді Ақордада қабылдағанын білеміз.
Дәл осы 2023 жылы қазақ шахмат мектебінің жаңа кезеңі бастауы болды. Олай дейтініміз, көп өтпей шахматты дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді. Кейінгі қолға алынған жобаның басым дені осы құжатқа сүйеніп жасалған-ды. Қысқаша айтсақ, 5 жылда жеті бағытта нәтиже байқалуы тиіс:
• Бастауыш сынып балаларының 20%-ын шахмат оқытумен қамту;
• Көппәтерлі тұрғын үйлерде кемінде 200 шахмат клубын ашу;
• Шахматтан Қазақстан құрамасын әлемнің ТОП-10 командасы қатарына қосу;
• 20 жасқа дейінгі шахматшылардың «халықаралық гроссмейстер» спорттық атағын алуы;
• Әлем, Азия чемпионаттары, шахмат олимпиадасы және FIDE ұйымының ресми сайыстарындағы шахматшылардың медаль санын ұлғайту;
• Шахмат бойынша кемінде 500 педагог даярлау;
• Кемінде 250 кадрдың біліктілігін арттыру межеленген.
8 мыңнан астам шахмат үйірмесі
Үкіметтің мәліметінше, елде 200 мыңнан астам адам шахматпен шұғылданады. Алда көрсеткішті екі есе ұлғайту мақсаты тұр. Ол үшін балаларға шахмат үйрету мақсатына басымдық берілмек. Жоғарыда атап өткен кешенді жоспардың бір тармағы осыған бағытталған.
Қазір бастауыш сынып оқушыларына арналған бағдарлама қарқынды: 2024 жылы – 5 пайыз – 350 мектеп; 2025 жылы – 10 пайыз – 700 мектеп; 2026 жылы – 15 пайыз – 1050 мектеп; 2027 жылы – 20 пайыз – 1400 мектеп қамтылмақ. Жобаға жауапты Қазақстан шахмат федерациясы (KazChess) 1-4 сынып оқушыларға арналған шахмат білім беру бағдарламасын әзірлеп, сол арқылы 550 мектепте бала оқытып отыр. Федерация дерегіне сенсек, жобаға 20 мың оқушы қатысуда, 797 мұғалім сабақ береді.
Жалпы мектеп жанынан арнайы үйірме ашу – жақсы үрдіс. Оқушыға ғана емес, балабақшадағы бүлдіршінге де көмегі көп. Бүгінде халықаралық жетістікке жеткен шахматшылардың басым дені – мектеп жанындағы қосымша арқылы дағдысын дамытқандар. Мысалы, жуырда шахматтан әлем чемпионы атанған 7 жасар Абдул-Мәлік Қайрат жеңіс жолын мектеп үйірмесінен бастаған. 6 жасқа дейінгі ұлдар арасында Қазақстан чемпионы,7 жасқа дейінгі ұлдар арасында Әлем чемпионы атанып үлгерді.

– 4 жасымда Атырау қаласындағы мектеп үйірмесіне бардым. Бастапқыда шахматқа қосымша үйірме ретінде қарадым. Алғашқыда үйірмеге аптасына екі рет барып, үйде де ата-анаммен бірге дайындалдым. Бірнеше айдан кейін 4-разряд нормативін орындадым. Астана қаласына көшкелі аптасына 5 рет 2 сағаттан жаттығу сабағына қатысамын, күніне 1–2 сағаттай жеке дайындаламын. Есептер шешемін, онлайн партиялар ойнаймын. Демалыс күндері рапид және блиц турнирлерге қатысамын. Сүйікті шахматшыларым – Гарри Каспаров, Магнус Карлсен және Доммараджу Гукеш, – дейді жас шахматшы.
Биыл Абдул-Мәлік 1 сыныпқа барады. Қазір «Астана» орталық шахмат клубында дайындалып жүр. Жаттықтырушысы Азамат Әубәкіровтің тәлімін алып, оқу мен спортты қатар дамытпақ. Демек, мектеп жасына дейінгі балаларды шахматқа баулу жүйелі жүріп жатыр деген сөз. Есте болса, бұған дейін Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов елімізде 8 мыңнан астам шахмат үйірмесі жұмыс істейтінін, 270 мыңнан астам бала шахматпен айналысатынын айтқан болатын.
Түсінгеніміз, елде балаларды шахмат үйірмелерімен қамту бірнеше сатыға бөлінген. Мектеп жасына дейінгі балаларға – вариативті компонент арқылы білім беру, 1-4 сыныптарға – ерікті пән ретінде енгізу, қосымша білім беру ұйымдарында – мемлекеттік тапсырыс арқылы үйірме ашу. Сондай-ақ жауапты министрлік «шахмат бойынша мұғалімдерді даярлау» білім беру бағдарламасын әзірлеп отыр. Оны ЖОО білім беру бағдарламаларының тізіміне енгізу жоспарланған.
Грант көлемі 30 млн теңгеге дейін
Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, жасөспірімдердің әлем чемпионаттары үш жас санаты бойынша өткізіледі: 8, 10 және 12 жасқа дейінгілер – кадеттер; 14, 16-18 жасқа дейінгілер – бозбалалар; 20 жасқа дейінгі ойыншылар – жастар додасы. Әрбірінде отандастарымыздың жүлдесі мол. Мысалы, алғашқы екі санатты алайық, өткен жылы Бразилия мен Италиядағы жарыстарда 10 жасар Аланна Берікқызы және 12 жасар Марк Смирнов көш бастады. Ал Қазыбек Нөгербек 20 жасқа дейінгілер арасындағы әлем чемпионатында жеңімпаз атанды.
KazChess атқарушы директоры Гүлмира Дәулетованың пікірінше, балалар арасындағы спорттық жетістіктің кілті шахматшылар мен жаттықтырушыларды қаржылай ынталандыруда жатыр. Бүгінде мемлекет пен федерация тарапынан қолдау жетерлік.

– Қазіргі таңда балалар мен жасөспірімдер құрамасының 45 мүшесіне алтын, күміс, қола деп аталатын үш пакет бойынша тегін демеушілік қолдау көрсетіледі. Пакеттің түріне қарай жас шахматшыларға ай сайын ақшалай төлем жасалып (100 000 теңге), қуатты ойын ноутбуктары табыс етіледі. Сондай-ақ бұған ваучерлік жүйе бойынша жаттықтырушылардың сабақтарына (топтық және жеке), оқу-жаттығу жиындарына, халықаралық және республикалық турнирлерге қатысу, физикалық және психологиялық дайындық, шахмат бағдарламалары мен шахмат әдебиеті, яғни, жоғары деңгейдегі аса шебер шахматшыларды даярлауға қажеттінің бәрі қамтылған.
Жас таланттарды қолдау бағдарламасы шеңберінде демеушілік көмек алатын балалар әр жылдың қорытындысы бойынша анықталады. Ұпай саны Қазақстан, Әлем, Азия және Батыс Азия чемпионаттарында уақыт бақылаудың барлық нұсқасы – классика, рапид және блиц бойынша жарысқа қатысқаны үшін, сондай-ақ белгілі бір рейтингке қол жеткізгені үшін есептеліп беріледі, – дейді ол.
Гүлмира Дәулетованың айтуынша, KazChess бұдан өзге танымал шахматшыларға грант бөліп келеді. Жыл сайын әр құрама мүшесіне кәсіби тұрғыда өсуі үшін 5-30 млн теңге көлемінде грант беріледі. Шахматшылар бұл қаражатты халықаралық жиындарға баруға, кәсіпқой жаттықтырушылардан сабақ алуға, беделді турнирлерге қатысуға пайдалануына болады.
Гроссмейстер саны қанша?
Мемлекеттің шахматтағы әлеуеті гроссмейстер санымен өлшенеді, яғни қай елде халықаралық атақ алған спортшы көп болса, сол жұрт үстем. Бұл орайда Қазақстанның көрсеткіші жаман емес. Бізде халықаралық дәрежедегі 20 гроссмейстер бар, 15 ер (GM), 5 әйелдер гроссмейстері (WGM) шыққан. Бұл жоғары атақты Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) үміткерлердің турнирлердегі нәтижесіне қарай береді. Талабы да қатаң. Алдымен үш турнирде тиісті норманы орындау қажет, кейін 2500 (GM) немесе 2300 (WGM) рейтингіне жету керек. Талапқа тура келсе, үміткер гроссмейстер атағын өмір бойына еншілейді.
Сондықтан Қазақстан Халықаралық шахмат федерациясы ұйымдастыратын додадан қалыс қалмауға мүдделі. Әр жарыстан жүлделі оралу шахматшылар үшін атақ алуға деген қадам саналады. Мысалы, 2024 жылы шахматшыларымыз FIDE аясындағы ресми жарыстарда 160 медаль жеңіп алды. Бұл еліміздің саладағы көшбасшылыққа ұмтылысын білдірсе керек.
Өткен жылы Қазақстанға арнайы сапармен келген Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) президенті Аркадий Дворкович те бұл ынтаны жоғары бағалағанын байқадық.

– Қазақстан шахмат державаларының ізімен келеді, жүйелі даму жоқ емес. Бастысы, мектептегі шахмат үйірмесін дамыту, балалардың алғашқы қадамын қолдау, клубтар мен академияларды жетілдіру, жаңа есімдерді таныту, ұлттық чемпионаттарды көбейту қалыс қалмауы шарт. Мұның барлығы орындалса, халықаралық деңгейге шығу жеңіл.
Әрине, білікті бапкерлер мен қаржылай қолдаусыз нәтиже күту қисынсыз болар. Бұл ретте Қазақстан дұрыс таңдау жасады. Үздік тәлімгерлерді елге шақырып, талантты жастардың әйгілі турнирлерге қатысуына жағдай жасап келеді. Бапкерлер жалақысы, шәкіртақы мен жүлделер санын арттыру - алға бастайтын қадам, – дейді Халықаралық федерация президенті.
Қазір ұлттық құрамада ел намысын 12 ер, 12 әйел шахматшы қорғап жүр. Аз уақыттың ішінде әлемдік деңгейде мойындалып, мықты қарсыласқа айнала білді. 2023 жылы FIDE мен ACF өткізген ресми жарыстарда шахматшылар 116 медаль жеңіп алған еді. Өткен жылы олжалаған 160 медальдің 55-і – «алтын», 54-і – «күміс», 51-і – «қола».
Кейінгі жылдары қазақ шахмат мектебінде қызық үрдіс байқалады. Ол – әйелдер құрамасының ерекше жетістігі. Байқасақ, 4-5 жыл төңірегінде халықаралық жарыста топ жарып, гроссмейстер атағын алғандардың көпшілігі нәзік жандылар. Бүгінде Бибісара Асаубаева, Жансая Әбдімәлік, Динара Сәдуақасова, Меруерт Камалиденова, Лия Құрманғалиева, Ксения Балабаева, Алуа Нұрманова, Амина Қайырбекова, Әсел Серікбай сынды қыздарымыз әлемді мойындатып үлгерген. Халықаралық турнирден жұлдесіз қайтқаны жоқ. Тіпті, 2024 жылғы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында Қазақстанның әйелдер құрамасы ІІ орыннан көрінді. Жарыста біздің қыздар 8 жеңіске қол жеткізіп, екі ойынды тең аяқтады, тек бір ойында ғана жеңіліс тапты. Осылайша тарихи күміс жүлде қыздардың кәсіби деңгейін тағы бір паш етті.

Жасөспірімдер арасында шахматтан әлем чемпионы Әсел Серікбайдың сөзінше, әйелдер құрамасының әлеуеті бұрыннан жоғары, алайда жаңа ғасырда тың тыныс ашыла бастаған.
– Бұған дейін де қыздар шахматтан әлемдік деңгейде мойындалды. Өзіңізге мәлім, бұрын Эльвира Сахатова, Ляззат Тажиева, Флюра Хасанова секілді спортшылар көпке танылды. Кейін Динара Сәдуақасова, Жансая Әбдімәлік, Гулисхан Нахбаева, Гүлмира Дәулетова, Бибісара Асаубаева, Назерке Нұрғали секілді қыздар қатарға қосылды. 2024 жылы Олимпиадада қыздар үздік өнер көрсетіп, Қазақстанның туын тағы да көкке көтерген болатын. Мен де ұстаздарымның қолдауымен додаларда тәжірибе жинадым. Александра Горячкина, Александра Костенюк, Хампи Конеру, Екатерина Лагно секілді әлемдік деңгейдегі әйелдер арасындағы үздік шахматышлармен бақ сынасу сәті түсті, – деді әлем чемпионы.

Дегенмен, Әсел Серікбай қазақ шахмат мектебі қалыптасып үлгермеді деген ойда. Айтуынша, ортақ әдістеме жоқ, әрбірі жеке дайындықпен шектеліп келеді.
– Өкініштісі, Қазақстанда жалпыға бірдей білім беретін шахмат ұйымы немесе шахмат мектебі қалыптаспады. Мәселен, әр мектептің шахмат үйретудегі методикасы да әртүрлі. Аталған мәселе жүйелі дамуға кедергі келтіргенімен, бір жағынан әр шахматшының өзіндік ойын үлгісін қалыптастырып отыр. Сондықтан шахматшылардың жетістігі мектепке тәуелді емес, олардың бар құпиясы бапкерлердің шеберлігінде жатыр, – деді ол.
Қазақстан шахмат державасына айналудың алдында тұр. 2027 жылға бағыт алған шаршы тақта жоспары жар жолда бітпесе, халықаралық додалардағы жүлденің жемісін көретін күн жақын. Оған әлеует те, әл де жетеді. Маңыздысы, білім жүйесі, шахматшылар ынтасы, мемлекеттік қолдау...