Шартты түрде босату: енді өтініштер онлайн берілмек
АСТАНА. KAZINFORM – Жоғарғы сотта сотталғандардың жазасын шартты түрде мерзімінен бұрын босату және жазаны ауыстыру туралы өтінішхаттарын беру және қарауға байланысты рәсімдерді цифрландыру мәселелері бойынша жұмыс кеңесі өтті.

Іс-шараға Жоғарғы соттың, Бас прокуратураның, Ішкі істер министрлігінің, Сот әкімшілігінің, Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің басшылығы, сондай-ақ цифрлық шешімдер саласындағы сарапшылар қатысты.
Отырысты ашқан Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Назгүл Рахметуллина сот жүйесін цифрлық трансформациялау — Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыты екенін атап өтті.

Сотталғандардың құқықтарымен бостандықтарына қатысты процестерді автоматтандыру, сондай-ақ мұндай рәсімдердің ашықтығын, тиімділігін және болжамдылығын арттыру қажеттілігіне ерекше назар аударылады.
Кеңесте цифрлық платформаның алгоритмі ұсынылды, ол мыналарды қамтамасыз етеді:
сотталған адамның цифрлық құжатын жүргізу;
ШМБ және ЖА туралы өтінішхаттарын электронды түрде беру;
ҚАЖ, прокуратура және сот арасында материалдарды цифрлық бағыттау;
сотталғанның және процеске басқа да қатысушылардың бейнебайланыс арқылы қашықтан қатысуы;
сот шешімін мүдделі тараптарға автоматты түрде тарату;
сот шешімдерінің цифрлық талдауы.
Кеңеске қатысушылар жобаны пилоттық іске қосу идеясын қолдады, сонымен қатар жобаны нормативтік қолдау, соттар мен басқада мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін біріктіру, ақпараттық қауіпсіздіктіқамтамасыз ету және жеке деректерді қорғау қажеттілігіне назар аударды.
Сот әкімшілігі басшысының орынбасары Жантемір Шәкиев сөзінде шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға және жазаны ауыстыруға қатысты процестерді цифрландыру тек технологиялық қадам ғана емес, сонымен қатар әділдік пен заң үстемдігі қағидаттарын нығайта түсетін маңызды әлеуметтік-құқықтық бағдар екеніне тоқталды.
Жобаны бейінді мемлекеттік органдармен бірлесіп, сондай-ақ тәуелсіз сарапшылар мен құқық қорғау ұйымдарының қатысуымен жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Айта кетелік Жоғарғы соттың мәліметінше жыл басынан бері қылмыстық істер саны артқан.