Шаруаларға берілетін арзан дизель қалай қадағаланады

АСТАНА. KAZINFORM – Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге арналған арзандатылған дизель отыны арнайы түске боялады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысынан кейінгі брифингіде Ерлан Ақкенженов айтты.

азс
Фото: Алина Тулеубева/ Kazinform

- Министрлік мұнай, мұнай өнімдерін, газды және электр энергиясын өндіру саласындағы саясатты жүзеге асыратын орган саналады. Мұнай өнімдерінің айналымы Қаржы министрлігінің құзыретіне бекітілген. Дегенмен бұл сұраққа да жауап бере кетейін. Арнайы ПИН-кодтар бекітілген. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін жөнелтілетін дизель отынының әрбір партиясына ілеспе жүкқұжаттарда бірегей арнайы ПИН-код көрсетіледі. Бұл код дизель отынының қозғалысын соңғы тұтынушыға дейін бақылауға мүмкіндік береді, - деді министр тілшілер сауалына орай.

Сонымен қатар ол еліміздегі үш мұнай өңдеу зауыты шаруаларға арналған дизель отыны арнайы түске боялатынын айтты.

- Үш зауытта отын арнайы түске, яғни ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге айтарлықтай жеңілдікпен берілетін отын арнайы түске боялады. Оны бірден ажыратуға болады. Егер тұтынушылардың біріне осындай боялған отын кездессе, оның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге арналған отын екенін бірден түсінеді, - деді Ерлан Ақкенженов.

АИ-95 және АИ-98 бензинінің сапасына қатысты тексеру басталғанын жазған едік.