20:38, 24 Ақпан 2009 | GMT +5
Шаруашылықтарды ірілендірудің оңтайлы шаралары қолға алынуда
ҚЫЗЫЛОРДА. Ақпанның 24-і. ҚазАқпарат (Руслан Игілік) - Соңғы жылдары облыста ауыл шаруашылығын дамытуға баса мән беріліп, сала еңбеккерлерін қолдаудың тетігі қалыптасты. Ендігі мақсат – елдегі құрылымдарды біріктіру, салаға бөлінетін мемлекет қаржысының тиімділігін арттыру болып табылады.
Шаруашылықтарды ірілендіру бағытындағы осыған байланысты аймақ басшысы аудан әкімдеріне жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асыру жөнінде тапсырма жүктеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Өткен жылы облыстың ауыл шаруашылығында өндірілген өнім көлемі 24,3 миллиард теңгені құрады. Былтыр Сырдария деңгейі жылдағыдан көп төмендеді. Әйтсе де ала жаздай атыз жағалаған диқан қауымы абырой биігінен төмендеген жоқ. Әр тамшысы алтынға бағаланған аз судың өзін тиімді жұмсап, қара күзде 246 мың тонна Сыр салысын қамбаға құйды. Былтыр аяқ су тапшылығын тартқан ауылдағы ағайынды үмітке жетелеген үлкен жаңалық ? Үкімет тарапынан берілетін субсидия көлемінің артуы болды. Облыс әкімінің табанды ұстанымының арқасында жылда күріштің өзіндік құнын да өтей алмай еңбегі еш, тұзы сор болатын диқандарды мемлекеттік қолдау қаржысы үш есеге жуық көбейді. Күріш сорттарын жаңарту мақсатындағы жұмыстарды жалғастыру нәтижесінде биыл облысқа Ресей Федерациясының Краснодар өлкесінен 257 тонна элиталық тұқым жеткізіледі. Осының бәрі кезінде ауылға мойын бұруға мұршасы келмеген мемлекеттің енді елдегілердің еңсесін тіктеу бағытындағы бастамаларынан хабар береді. Әйтсе де, мемлекет қаржысы сұраусыз сыбаға емес. Қазір бөлшектеніп кеткен құрылымдарға қаржы бөлгеннен гөрі қайтарымы мол ірі шаруашылықтарды қолдау әлдеқайда маңызды. Осыған байланысты облыс басшысы елдегі құрылымдарды ірілендіру арқылы сервистік дайындау орталықтарын құру міндетін алға тартып отыр.Қазір өңірімізде 700-ден астам ұсақ шаруашылық бар. Әсіресе, саны бар да, сапасы жоқ құрылымдар қатары Жалағаш, Жаңақорған аудандарында көбейіп отыр. Мысалы, Жаңақорған ауданындағы Келінтөбе ауылдық округі 120-ға тарта ұсақ құрылымға бөлініп кеткен. Осыдан 10-15 жыл бұрынғы реформа кезінде шаруашылықтарды ретсіз таратудың аяғы осындай жағдайға жеткізіп отыр. Әрине, ауылдағылардың аузын аққа тигізіп, ағайынның алдында абырой жинағанға не жетсін? Бірақ мөр мен төрге құмарлықтың нәтижесінде пайда болған осы құрылымдар қаржысы мен техникалық мүмкіндігі жоқтықтан жыл сайын мемлекетке алақан жаюдан әріге бара алмай келеді. Жалпы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін топтастыру арқылы сервистік дайындау орталықтарын құру "Оңтүстік" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының негізгі мақсатының бірі. Былтыр осы бағытта атқарылған шаралар негізінде халқының 61 пайызы осы салада еңбек ететін еліміздің оңтүстігіндегі 3 аймақ ? Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарында 17 сервистік дайындау орталықтары құрылған. Ауыл еңбеккерлерін қолдауға негізделген 70 жобадан тұратын "Оңтүстік" аймақтық агрокешен" бағдарламасы бойынша мұндай орталықтар 3 облыстың барлық ауданында құрылуы қажет. Осы арқылы өнімді дайындау мен қайта өңдеу, сақтау мен сату, тіпті ауыл шаруашылығы кадрларын дайындау мен қайта даярлауға мүмкіндік туады. Үш облыстағы СДО-ларға ортақ 7 көліктік-логистикалық орталықтар жасақталады. Былтырдың өзінде 177 автокөлік пен ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынды. Демек, сервистік дайындау орталықтары келешекте көлік тасымалынан қиындық көрмейді. Осы уақытқа дейін айтып келген кәдімгі кластеріңіз осы. Жоғарыда айтылған 17 құрылымның ішінде біздің облыстан 2 СДО бар. Қазалы ауданындағы 31 тауар өндірушінің басын біріктірген орталық күріш, мал шаруашылығы бағытында жұмыс жасаса, Жаңақорған ауданындағы құрылымға біріккен 16 шаруашылық көкөніс, бау-бақша өнімдерін егу мен ұқсатуды қолға алмақ. "Оңтүстік" ӘКК облыстық бөлімшесінің директоры Дәуірбек Әбуовтің айтуынша, басқа аудандарда да орталықтар құру мақсатында жұмыстар жасалып жатыр. Арал, Сырдария аудандарында ғана осы тұрғыдағы ұсыныстарды талдау мен зерттеу, бизнес-жоба жасау жұмыстары тиянақталып қалды. Алайда, басқа аудандарда өнім өндірудің тиімділігін арттыратын орталықтар құруға құлық жоқтығы байқалады. Осындай салғырттық салдарынан көршілес облыс аграршыларымен салыстырғанда жаңа құрылым жасақтауда көш соңында қалып келеміз. Жоғарыда айтылған 17 СДО-ның 10-ны Оңтүстік Қазақстан облысында құрылып, іске ілкімді шымкенттіктер былтыр алыс-жақын шет елдерге 465 тонна қауын жөнелтіп үлгерді. Жамбыл облысындағы 5 құрылым да бау-бақша өнімдерін өңдеу мен мал тұқымын асылдандыру бағытында жұмыс жасап келеді. Өткен айда оңтүстік облыстардың агрокешендегі әріптестікті дамытуға арналған форумында облыс делегациясы Шымкент қаласында ашылған жылыжай кешенінде болды. Кешен иесі ? "Агро Трейд" ЖШС бас директоры Мырзахмет Сынабаевтың айтуынша, жылыжайды қалыпты температурада ұстап тұру үшін күніне жағылған газ бағасы 30-40 мың теңгеге жетіп жығылады. Осыған байланысты "көгілдір отын" құны Шымкенттен гөрі төрт есе арзан Қызылорда жылыжай кешенін дамытуға аса қолайлы екені айтпаса да түсінікті. Облыс әкімінің жұртшылық алдындағы есебінде өңірде ауыл шаруашылығын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы жан-жақты айтылды. Қатарынан екі жыл қайталанған су тапшылығына байланысты суды пайдалануда биыл шаруашылықтарға үлкен талап қойылмақ. Сонымен қатар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде картоп, көкөніс, бақша өнімдерін ұлғайту мақсатында мамандандырылған шаруашылықтар құру күн тәртібінде тұр. Мұндай ауқымды шара жүгін жекелеген шаруашылықтар көтере алмайтындығын ескерсек, құрылымдарды ірілендіру бүгінгі күн бедеріндегі басты міндет екендігі айқындалады.