Шарын және Алтынемел ұлттық парктеріне бір жылда қанша турист келді

«Бүгінде Алтынемел және Шарын ұлттық парктері аумағында ішуге болатын субұрқақтар, демалыс орындықтары, қоқыс жәшіктер қойылып, ақпараттық тақтайшалар ілінді. Ендігі уақытта аталған ұлттық парктер аумағында қазақ ауылын, глэмпинг, кемпинг салу жоспарланып отыр. Ұлттық парктер аумағына жету мәселесі де шешілген. Яғни парк аумағына дейін асфальт төселді, одан әрі болмайды. Себебі парк ішіндегі аң, жануарлардың шырқын бұзбау маңызды», - деді «QazaqGeography» республикалық қоғамдық бірлестігінің Алтынемел және Шарын ұлттық паркінде туристік инфрақұрылымды құру және дамыту жобасының жетекшісі Томирис Мұсаева.
Оның айтуынша, аталған екі ұлттық паркін тамашалауға көрші елдердің арасынан Ресейден туристер жиі келеді.
«Өткен жылы Шарын ұлттық паркіне 40 мыңға жуық турист келді, ал Алтынемелді 20 мыңға жуық келуші тамашалады», - дейді ол.
Бұған дейін Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында туризмді дамыту мақсатында 4,5 млрд теңге инвестиция тартылғаны туралы хабарлаған едік.
Сондай-ақ, дөңгелек үстел барысында ұлттық парктерде 685 шақырымдық туристік маршрут жасалғаны айтылды.