«Қазпошта» мен «Қазақтелеком» шатыр басып қалған әйелге ай сайын өтемақы төлейді
АСТАНА. KAZINFORM — Жамбыл облысында қатты жел ұшырып әкеткен шатыр басып, I топ мүгедегі атанған әйел сот арқылы қосымша өтемақы өндіріп алды. Енді «Қазпошта» мен «Қазақтелеком» оған ай сайын 177 мың теңгеден төлеуге міндетті. Бұл туралы Жамбыл облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Оқиға 2023 жылдың мамырында Жамбыл ауданының Аса ауылында болған. Қатты жел салдарынан «Қазпошта» және «Қазақтелеком» АҚ-ға тиесілі ғимараттың шатыры ұшып, әйелдің үстіне құлаған. Ол ауыр жарақат алып, I топ мүгедегі атанды.
2024 жылдың қазанында Жамбыл аудандық соты «Қазпошта» АҚ-нан жәбірленушінің пайдасына 8,5 млн теңгеден астам материалдық және 10 млн теңге моральдық зиян өндіру туралы шешім шығарған. Кейін облыстық сот материалдық залал сомасын 4,3 млн теңгеге дейін азайтқан.
Алайда әйел емделуге, дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар сатып алуға, қосымша процедуралардан өтуге және көшуге байланысты шығындары әлі де бар екенін айтып, сотқа қайта жүгінген. Сондай-ақ жарақатына байланысты жұмыс істеу мүмкіндігінен айырылғанын көрсетіп, ай сайынғы жоғалған табысын өндіруді сұраған.
— Сот әйелдің оқиғаға дейін әлеуметтік қызметкер болып жұмыс істегенін және ай сайын 189-218 мың теңге аралығында табыс тапқанын анықтады. Еңбек ету қабілетінен 90 пайыз айырылғанын ескере отырып, ай сайынғы өтемақы мөлшері 177 мың теңге болып белгіленді. Бұл қаражат әйел зейнеткерлік жасқа толғанға дейін төленеді. Бұдан бөлек, «Қазпошта» мен «Қазақтелеком» АҚ-нан бірлесіп 1,4 млн теңгеден астам материалдық шығын және мемлекеттік баж өндірілді, — делінген сот таратқан ақпаратта.
Жауапкерлер сот шешіміне шағымданғанымен, Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы оны өзгеріссіз қалдырды. Сот актілері заңды күшіне енді.
Осыған дейін жұмыс орнында жарақат алған ақтөбелік 10 млн теңге өндіріп алғанын жазғанбыз.