Жұмыс орнында жарақат алған ақтөбелік 10 млн теңге өндіріп алды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Жазатайым оқиға кезінде ақтөбелікке ІІ топ мүгедектігі рәсімделген. Ол моральдық зиян және материалдық шығынды өндіруді талап етті.
Ақтөбелік жазатайым оқиға кезінде жарақат алғанын айтып, жұмыс берушіден материалдық залалды өндіру және моральдық зиянды өтеу туралы талап қойды. Іс сотта қаралған кезде жұмыс беруші компанияның еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені, еңбек заңнамасының талаптары сақталмағаны анықталды. Медициналық сараптама қорытындысында жұмысшыға ІІ топ мүгедектігі рәсімделген. Яғни ол енді кәсіптік жұмысқа жарамай қалды.
- Сот жұмысшының жарақатын, оған мүгедектік рәсімделгенін ескерді. Сот шешімімен жұмыс берушіден талап қоюшының пайдасына 10 000 000 теңге мөлшерінде моральдық зиян, дәрі-дәрмек сатып алуға, емделуге, жол шығындарына жұмсалған 255 000 теңге материалдық залал өндірілді. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ,- деп хабарлады Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі.
Еске салсақ, бүгінде міндетті сақтандырумен 4 миллионға жуық жұмыскер қамтылған. Міндетті сақтандыру шарттарын 119 мыңнан астам заңды тұлға жасасқан. Бұл елдегі жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың шамамен 70%-ы.