«Шәуешек — Алматы» бағытында халықаралық автобус қатынай бастады — шетелдегі қазақ баспасөзі
Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Өзбекстан мен Қазақстан 2030 жылға дейін өзара тауар айналымын 10 млрд долларға жеткізбек — ӨзА
Өзбекстан Республикасының Инвестициялар, өнеркәсіп және сауда министрі Лазиз Қудратов пен Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев кездесу өткізді, деп хабарлайды «ӨзА» ақпарат агенттігі.

Хабарламада айтылғандай, келіссөздер барысында тараптар екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, 7 млрд АҚШ долларын құрайтын «Жол картасы» аясындағы жобаларды іске асыру, құрылып жатқан «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының құқықтық негізін қалыптастыру және «UZKAZTRADE» бірлескен кәсіпорнының қызметін кеңейту жайы қарастырылды.
— Кездесу қорытындысы бойынша тараптар 2030 жылға дейін өзара тауар айналымын 10 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайту бағдарламасына қол қойды. Сондай-ақ, 2025 жылы Қазақстан өңірлерінің Өзбекстанға және Өзбекстан өңірлерінің Қазақстанға сапарларының кестесі бекітілді. Бұл құжат екі ел арасындағы өңіраралық ынтымақтастықты жандандыруға, сондай-ақ бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік бермек, — делінген Қазақстан елшілігі хабарламасында, деп жазады өзбекстандық БАҚ.
Сондай-ақ осы аптада «ӨзА„-да „Ферғана қаласында үлкен нан дайындалды“ деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.
Аталған ақпарат көзінің дерегінше, Ферғана қаласында ерекше үлкен нан дайындалды. Бұл іске қаланың нан орталығының жетекшісі Уткиржан Мамажанов пен оның бес шәкірті атсалысты. Нанды пісіру үшін 16 келі ұн, 3 келі май және 3 литр су пайдаланылды.
Нанның сапалы әрі әдемі болуы үшін қамырға жаңғақ, мейіз және седана қосылыпты. Қамырды таразыға қойған кезде оның салмағы 23 келіден астам болған.

Алып нанды пешке жабу үшін арнайы құрал жасалды, ал пеш те осы мақсатқа сай етіп әзірленген екен.
— Наншы Уткиржан келесіде 50 келі тартатын нан дайындауды жоспарлап отыр. Ол үшін арнайы пеш салдырмақ. Нан піскен соң оны таразыға қойғанда, 21 жарым келіні көрсетті. Осылайша, елдегі рекорд жаңартылды, — деп жазады «ӨзА».
«Шәуешек — Алматы» бағытында халықаралық автобус қатынай бастады — Harajorga
Халықаралық тасымал бағыты 15 наурыз күні ашылды.
Сол күні түстен кейін сағат 16:00–де, автовокзалда көптеген адамдар жиналған. Тұңғыш рет Алматыға қатынайтын кезекші автобус дайын тұрды. Жолаушылардың барлығы көңілді жүрді. Себебі олар үшін айтқанда, бұл бір жолғы қарапайым сапар емес, қайта шекара аттаған туристік сапар саналады, деп жазады қытайлық Harajorga басылымы.

Бұл халықаралық жолаушы тасымал бағытын Шыңжаң «Шинта» тасымал тобы іске асыруда.
Шынжаң «Шинта» тасымал тобы ЖШС-ның орынбасар директорының айтуынша, халықаралық жолаушы тасымал бағытының жалпы ұзындығы шамамен 900 шақырым. Барған жолға шамамен 13 сағат уақыт кетеді. Алғашқы мезгілде аптасына екі рет қатынайды, жолаушы мөлшеріне қарай кезек санын біртіндеп арттыру жоспарлануда. Билет бағасы тиімді, адам басына 330 юань болып, жолаушылардың жолдағы ауыртпалығын онан ары жеңілдеткен.
Үрімжі Дивопу халықаралық әуежайының атауы өзгертілді — Халық газеті
Жақында Қытайдың Азаматтық авиация әкімшілігінің ресми сайтында азаматтық әуежай атауы өзгерді, бұл Үрімжі Дивопу халықаралық әуежайы Үрімжі Тяньшань халықаралық әуежайы болып өзгергенін білдіреді, деп хабарлайды Халық газеті.

Аталған БАҚ-тың дерегіне сүйенсек, Үрімжі Тяньшань халықаралық әуежайы арқылы 2024 жылы 27,7657 миллион жолаушы тасымалданған. Халықаралық жолаушы маршруттары 20-дан астам қалаға қатынайды.
— Тяньшань таулары шығыстан батысқа қарай төрт елді — Қытай, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанды қамтып жатыр. Таудың жалпы ұзындығы шамамен 2500 шақырымға жуық. Шыңжаң Тяньшань тауы Қытайдың Шығыс Тяньшань тауын меңзейді, оның ұзындығы Шамамен 1760 шақырымды құрайды. Бұл Тяньшань тауы жалпы ұзындығының үштен екісінен астамын иелеп, бүкіл Шыңжаңды кесіп өтеді, — деп жазады қытайлық басылым.
Наурыз мерекесіне «Азади» мұнарасында Иранның жақын және алыс көршілерінің туы бейнеленді — ParsToday
«Жаһандық Наурыз мерекесінің» ашылуы; «Азади» мұнарасында Иранның жақын және алыс көршілерінің туы бейнеленді.
«Жаһандық Наурыз мерекесінің» ашылу салтанаты Теһранның «Азади» алаңында ИИР Мәдениет және исламдық бағдар министрі Сейед Аббас Салехи, Сыртқы істер министрі Сейед Аббас Арақчи, Мәдени мұра, туризм және қолөнер министрі Сейед Реза Салехи Амири және әртүрлі елдердің елшілері, мәдениет және өнер қайраткерлері мен халықтың әртүрлі топтарының қатысуымен өтті, деп жазды ParsToday ақпарат агеттігі.
ParsToday осы репортажында Теһранда өткен «Жаһандық Наурыз мерекесінің» ашылуынан суреттерді ұсынған.

—Наурыз, күн жылынуының бірінші күні, фарвардин айының 1 күніне сәйкес келеді, парсылардың Жаңа жылының басталуын тойлау және ежелгі Ираннан қалған ең көне мерекелердің бірі, —деп жазады ирандық БАҚ.
Иран Сыртқы істер министрі Наурыз мерекесінде сөз сөйледі.
ParsToday агенттігінің мәліметінше, ирандықтарда Наурызды табиғаттың қайта тірілуінің бастауы, кейде бақтар мен саябақтардың өсіп, тууы деп санайды.
Сондай-ақ Хижри күнтізбесін қолданатын Иранда Наурыз Жаңа жылдың басын білдіреді екен.

Дүниежүзілік Наурыз мерекесінде «Азади» мұнарасында Иранның жақын және алыс көршілерінің туы бейнеленді. Атап айтқанда, Үндістан, Түркия, Қырғызстанның туы әлемдік Наурыз мерекесінде көрсетілді. Сонымен қатар Түркіменстанның туы, Өзбекстанның туы, Грузияның туы және Әзербайжан туы мен Иран туында байқауға болады. Бірақ Қазақстанның туы көрсетілгені туралы ақпарат берілмеген.
3 500 жылдан астам тарихы бар патшалық қабір табылды — TRT
Археологтер Мысырдың Екінші аралық кезеңіне жататын патшалық қабір мен Рим дәуіріне тиесілі қыш шеберханасын анықтады.
Мысырдың Туризм және көне жәдігерлер министрлігі Пенсильвания университетінің мысырлық-америкалық бірлескен археологиялық тобы елдің оңтүстігіндегі Абидос қаласында орналасқан Джебель Анубис некрополінен Екінші аралық кезеңге жататын патшалық қабірді тапқанын хабарлады.
Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.
Министрліктің мәлімдемесіне сәйкес Мысырдың Жоғарғы көне жәдігерлер кеңесіне қарасты басқа археологиялық топ Сохаг провинциясына қарасты Банавит ауылынан Рим дәуіріне тиесілі қыш шеберханасын анықтады.

«TRT»-ның дерегінше, «Абидос қаласындағы патшалық қабірдің табылуы Джебель Анубис некрополіндегі патша жерлеулерінің даму тарихына қатысты жаңа ғылыми дәлелдер ұсынады» делінген хабарламада.
Аталған қабірлер б. з. д. 1700-1600 жылдарға тиесілі екені көрсетілген.