Шәуешекте аккордеон ансамблі Гиннесс рекордын жаңалады — шетелдегі қазақ баспасөзі

Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады 

Шәуешекте аккордеон ансамблі Гиннесс рекордын жаңалады — шетелдегі қазақ баспасөзі
Фото: kaz.people.cn

Өзбекстан мен Қазақстан әуе рейстер санын арттырады — ӨзА

Өзбекстан мен Қазақстан әуе қатынасының санын арттыруға уағдаласты. Көлік министрлігінің мәліметінше, бұл келісім Орталық Азия — Қытай (C5+1) азаматтық авиациясы саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жұмыс тобының екінші конференциясы аясында қол жеткізілді, деп хабарлайды «ӨзА» ақпарат агенттігі. 

Өзбекстан мен Қазақстан әуе рейстер санын арттырады
Фото: uza.uz

Хабарламада айтылуынша, келіссөздер барысында екі елдің авиация әкімшіліктері арасындағы тұрақты рейстер санын көбейту туралы уағдаласты. Жаңа келісімге сәйкес, Алматы — Ташкент және Астана — Ташкент бағыттары бойынша аптасына 42-ге дейін рейс орындауға рұқсат етілді. Қалған барлық бағыттарда аптасына 7-ге дейін рейске рұқсат берілді.

Айта кету керек, егер екі елдің тағайындалған әуе компаниялары барлық келісілген бағыттарда тұрақты ұшуларды жүзеге асырса, апталық жиілік 238 рейске жетеді. Сонымен қатар, тараптар тұрақты әуе қатынастарын орындау үшін белгіленген қалалар санын да ұлғайтуға келісімге келді.

Өзбекстан мен Қазақстан тұрақты әуе қатынастарын қамтамасыз ету үшін белгіленген бағыттар мен қалалар санын да ұлғайту жоспарға енгізілді.

Сондай-ақ осы аптада «ӨзА»-да «Өзбекстан мен Қазақстан өнеркәсіптік кооперацияны кеңейтеді» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды. 

Өзбекстан мен Қазақстан өнеркәсіптік кооперацияны кеңейтеді
Фото: uza.uz

Келтірілген деректерге сүйенсек, Өзбекстанның Қазақстандағы елшісі Бахтиёр Ибрагимов Қазақстан Республикасының Индустрия және құрылыс министрі Ерсайн Нағаспаевпен кездесу өткізген.

Кездесу барысында 2024 жылдың тамыз айында Өзбекстан Президентінің Астана қаласына жасаған сапарының қорытындысы ретінде қабылданған «Жол картасында» көзделген бірқатар жобалардың жүзеге асырылу барысы және олардың орындалуын жеделдету мүмкіндіктері қаралды.

Сонымен қатар, кездесу барысында тоқыма өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, өндірістік қуаттарды жаңғырту және заманауи стандарттарды енгізу, сондай-ақ ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу және дайын өнеркәсіп өнімдерінің экспортын арттыру жолдары жан-жақты талқыланды.

Шәуешекте аккордеон ансамблі Гиннесс рекордын жаңалады — «Халық газеті»

Шыңжаңдағы Тарбағатай аймағының орталығы Шәуешек қаласында дүниежүзілік рекорд тіркелді. Шәуешек қаласы бесінші аккордеон мәдениеті халықаралық өнер фестивалінде 5282 адамнан тұратын ансамбль бір мезетте аккордеонда ойнап әлемді таң қалдырды.

Бұл туралы осы аптада Қытайдың «Халық газеті» басылымы хабарлады.

Шәуешекте аккордеон ансамблі Гиннесс рекордын жаңалады
Фото: kaz.people.cn

Қытайлық БАҚ-тың мәліметінше, өнер ұжымы «Ең ауқымды аккордеон ансамблі» номинациясы бойынша кітапқа сәтті енді. Бұл жөнінде Гиннестің рекордтар кітабының сертификаттау жөніндегі қызметкері 17 тамыз күні ресми мәлімдеді. Оған 10 000-ға жуық көрермен куә болды.

5000-нан астам өнерпаз атақты дирижёр Ли Цунның жетекшілігімен өнер көрсетті.

Аталған мәдени шарада «Менің отаным» әнін орындалды. Орындауға 5 жастағы баладан 86 жастағы қарияға дейін қатысқан. Олардың қатарында Қытайдың түпкір-түпкірінен келген әуесқойлар да бар. Одан бөлек Ресей, Қазақстан, Италия сияқты елдерден белгілі сазгерлер арнайы келген.

Сонымен қатар осы аптада «Халық газеті» басылымында «Қытайда жасалған желдеткіші бар қалпақтарға шетелдік платформаларда сұраныс артты» деген ақпарат жарық көрді.

Қытайда жасалған желдеткіші бар қалпақтарға шетелдік платформаларда сұраныс артты
Фото: kaz.people.cn

Аталған БАҚ-тың дерегінше, желдеткіші бар қытайлық қалпақтар Америка құрама штаттарының көптеген онлайн платформаларында жаппай сатыла бастаған. Қытайда шығарылған өнім ашық аспан астында жұмыс істейтін адамдар мен саяхатшылар үшін күн мен аптап ыстықтан қорғанатын таптырмас құралға айналды. Шілде айының басынан бері заманауи қалпақтарға түскен тапсырыс көлемі 500 мыңнан асты, қазіргі уақытта тауарды жеткізіп үлгермей жатыр.

— Жоба авторлары қалпаққа күннен қуат алатын шағын тақтайша, микрожелдеткіш пен сенсорлы технологияны үйлестіріп орнатқан. Осындай күнделікті өмірде қолданылатын техникалар дәстүрлі ыстықтан қорғану бұйымдарына өміршеңдік күш силады, — деп жазады қытайлық басылым.

Айта кетейік, ерекше қалпақ «әлемдік супермаркет» деп аталатын Чжэцзян өлкесінің Иу қаласында шығарылады. Цзян Юнтао Иу шаһарындағы күн желдеткіш қалпақ жасалатын зауыттың директоры. Қытайлық өнім әлемдік нарықта танылып сұраныс артқан соң Цзян Юнтао командасымен бірге қалпақтың жаңа түрін шығаруды көздеп отыр. Бұл жолы мамандар тауардың су бүркетін түрін жасамақшы. Тың тәсіл тек салқындатып қана қоймай маса мен шыбын-шіркейден қорғануға мүмкіндік береді.

Душанбеде Әбу Ханифа атындағы Ислам институты қолданысқа берілді — Eurasia Today

Тәжікстанның астанасы Душанбе қаласында Имам Ағзам — Әбу Ханифа Нуман ибн Сабит атындағы Ислам институтының жаңа ғимараттары пайдалануға берілді, деп хабарлайды Eurasia Today ақпарат агенттігі. 

Душанбеде Әбу Ханифа атындағы Ислам институты қолданысқа берілді
Фото: kz.eurasiatoday.ru

Аталған БАҚ-тың хабарлауы бойынша Душанбе қаласындағы Имам Ағзам — Әбу Ханифа атындағы Ислам институтының жаңа ғимараттары 21 тамызда пайдалануға берілді.

Айта кетейік, 2500 шәкіртке арналған жаңа ғимараттар Тәжікстан тәуелсіздігінің 35 жылдығының құрметіне орай салынған.

Дүние жүзіндегі тұңғыш рет адам тәрізді робот сататын дүкен ашылды — CNR

2025 жылы 8 тамыз күні дүние жүзіндегі тұңғыш арнаулы адам тәрізді робот сату дүкені жұмысын бастады.

Бұл туралы осы аптада Қытайдың «Орталық халық радиосы» хабарлады.

Робот дүкені
Фото: CNS

Аталған БАҚ-тың дерегінше, дүкен көрме районы, үлгі көрсету, кәсіптік салада қолдану сынды әртүрлі бөлімге бөлінген 50-ден астам емдеу мен өнеркәсіпке арналған өнімдер қойылған.

Мұнда тек адам тәрізді роботты сатумен ғана шектелмей, құрастыру, тексеріп жөндеумен қатар сатылғаннан кейінгі уақытта да қызмет көрсетіледі.

Бұл дүкен кәсіпорындардың зерттеп ашудан бастап, толыққанды жұмыс аяқталғанға дейінгі қиын түйіндерін шешіп, кәсіпорын мен тұтынушылардың байланысын үзбейді.

Келтірілген деректерге сүйенсек, бұл жолғы бастаманың негізгі мақсаты — қажет болған жағдайда адам тәрізді роботты одан ары дамыту, аталған роботтық техниканың қоғамға ішкерлей араласуын ілгерілету.

Түрік экономикасы соңғы 22 жылда қалай өзгерді? — TRT

Түркия Сауда министрлігі жаһандық дағдарыстарға қарамастан елдің «үздіксіз дамуын» жалғастырып отырғанын және 2025 жылдың соңына дейін 390 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі экспорт мақсатына қол жеткізілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы. 

Түркия
Фото: Ғылым және жоғарғы білім министрлігі

Аталған басылымның мәліметінше, Түркия экономикасы Режеп Тайып Ердоғанның алдымен премьер-министр, кейін президент болып сайланғаннан бергі 22 жылда түбегейлі өзгерістерге қол жеткізген. Осы кезеңде ЖІӨ жыл сайын 5,3%-ға өсіп, 2025 жылдың екінші тоқсанында 1,37 триллион АҚШ долларына жетіп, тарихтағы ең жоғары деңгейге көтерілген.

Сондай-ақ Түркия Республикасы Сауда министрлігінің хабарлауынша, Ердоған қызметке кіріскеннен бір жыл бұрын, 2002 жылы елдің ЖІӨ 238 миллиард доллар болса, 2024 жылы алғаш рет 1 триллион доллар межесін асқан.

Ердоғанның 390 миллиард долларлық экспорт мақсатының да жыл соңына дейін орындалуы күтілуде. Сонымен қатар елдің жалпы ішкі өнімі 1,4 триллион долларға жетеді деп болжанып отыр.

Түркиялық БАҚ-тың дерегінше, Түркия соңғы он жылда ЭЫДҰ-дағы ең жылдам өсіп келе жатқан экономикалардың бірі болды; ХВҚ 2025 жылғы шілдеде жариялаған есебінде 2025 жылға арналған өсім болжамын 3,0%-ға көтерді. 2020 жылдан бері жаһандық дағдарыстарға қарамастан 19 тоқсан қатарынан үздіксіз өсім жалғасуда.

Министрлік 2002 жылы жан басына шаққандағы табыс 3 608 доллар болса, 2025 жылдың бірінші тоқсанының соңында бұл көрсеткіш 15 971 долларға дейін өскенін атап өтті.

Сондай-ақ осы аптада«TRT»-да «Түркияда электр көліктерінің саны бір жылда екі есеге артты» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді.

Түркияда электр көліктерінің саны бір жылда екі есеге артты
Фото: pixabay

Келтірілген мәліметтерге сүйенсек, Түркия статистика институты жариялаған деректерге сәйкес, шілде айының соңына қарай Түркиядағы электрлі көліктердің саны 120,6 пайызға өсіп, 289 457-ге жетті. Осылайша бір жыл ішінде бұл көліктердің саны саны екі есе артқан.

Аталған БАҚ-тың келтірген мәліметтеріне сүйенсек, бұл өсім тұтынушы таңдауларындағы жылдам өзгерісті көрсетеді. Мұндай өзгеріске Түркияның кеңейіп келе жатқан қуаттандыру инфрақұрылымы мен елдің отандық өндірісіндегі электрлі көлік маркасы «Togg»-тың нарыққа шығуы да ықпал етті.

Шілде айында ел бойынша тіркелген 16,8 миллион автокөліктің 1,7 пайызын электрлі көліктер құрады. Бұл көрсеткіш 2015 жылы бар болғаны 565 көліктен, өткен айда алғаш рет 250 мыңнан асқан деңгейге жетті.

Соңғы жаңалықтар