Шавкат Мирзиёев ШЫҰ гуманитарлық бастамалары мен бағдарламаларының бірыңғай банкін құруды ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгінгі кездесулердің қорытындысы ШЫҰ аясындағы көпқырлы серіктестікті дамытуға қуатты серпін береді. Бұл туралы елордадағы Тәуелсіздік сарайында Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммиті аясында өтіп жатқан «ШЫҰ+» кездесуінде Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев айтты.

Өзбекстан Президенті бүгінгі кездесу қорытындысы ШЫҰ аясындағы көпжақты серіктестікті дамытуға тың серпін беретініне сенім білдірді.
«Осы тұрғыда конструктивті диалог пен көпжақты серіктестік арқылы сенім тапшылығын еңсеруге бағытталған ортақ қауіпсіздік пен гүлдену жолында біз ұсынған Самарқанд ынтымақтастық бастамасы бұрынғыдан да өзекті. Бұл бастаманы іс жүзінде жүзеге асыру тұрақты даму жолындағы қайшылықтарды еңсеру үшін өркениетаралық диалогты нығайтуға септігін тигізеді. Біз бірлесе отырып, мәдени, білім, жастар мен туристік алыс-беріс салаларындағы бағдарламаларды жүзеге асыру арқылы ұйымды бұдан да жасампаз ететінімізге сенімдімін. Осы мақсаттарда біз барлық мүдделі тарапты жұмылдыра отырып, осы бағыттардағы жобаларды жүйелеуге және бірлесіп жүзеге асыруға мүмкіндік беретін ШЫҰ-ның Бірыңғай гуманитарлық бастамалар және бағдарламалар банкін әзірлеуді ұсынамыз. Осы кездесулердің қорытындысы ШЫҰ аясындағы көпқырлы серіктестікті дамытуға қуатты серпін беретініне сенімдімін», - деді Шавкат Мирзиёев.