Шавкат Мирзиёев соғыстан зардап шеккен палестиналықтарды Өзбекстанда емдеуді ұсынды

Шавкат Мирзиёев
Фото: Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Газа секторы мен Ливандағы жағдайды тұрақтандыруға бағытталған кезектен тыс араб-ислам саммитінде бірнеше бастама көтерді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

Өзбекстан басшысының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Шавкат Мирзиёев былтыр Эр-Риядта өткен кездесуден кейін соғыс Ливан аумағына өтіп, қақтығыстардың ауқымы кеңейгенін атап өтті.

Осыған байланысты ол шиеленісті дереу тоқтату, қауіпсіз гуманитарлық дәліз құру және бейбіт келіссөз бастау үнемі БҰҰ мен Қауіпсіздік кеңесінің назарында болуы керек екеніне тоқталды.

- Терең және бай тарихы бар Палестина халқы 1967 жылы бекітілген шекарасы негізінде астанасын Шығыс Иерусалимде орналастырып, тәуелсіз әрі дербес мемлекет құруға толық хақылы, - деді Ш.Мирзиёев.

Өзбекстан басшысы жетекші әлем елдері мен халықаралық ұйымдар тарапынан гуманитарлық көмектің көлемін ұлғайтуды ұсынды.

Шавкат Мирзиёев
Фото: Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі

- Өзбекстан өз клиникаларында соғыстан зардап шеккен палестиналық балалар мен әйелдерге өтеусіз негізде ем көрсетуге дайын, - деді ол.

Саммит қорытындысы бойынша қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеуге бағытталған бірлескен қарар қабылданды.

Соңғы жаңалықтар
telegram