Шавкат Рахмонов ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды
АСТАНА. KAZINFORM — АСТАНА. KAZINFORM — Президент Республика күніне арналған салтанатты жиында даңқты спортшы Шавкат Рахмоновты ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады. Бұл туралы Ақорда мәлім етті.
— Ол еліміздің атын шет мемлекеттерге танытып, мерейін үстем ету жолында тер төгіп жүр. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толды. Ассамблея — берекелі бірлігіміздің мызғымас нышаны, теңдесі жоқ бірегей құрылым. Оның мүшелері елдегі тұрақтылықты нығайту үшін аянбай еңбек етіп жүр. Ал қоғамдағы келісім мен ынтымақты күшейту — нағыз отаншылдық белгісі. Мен бүгін еліміздегі бірнеше этно-мәдени орталықтың өкіліне «Ел бірлігі» орденін табыстаймын. Мәдениет — ұлттың рухани дербестігінің кепілі. Сондықтан біз өмірін өнер жолына арнаған қайраткерлерге әрдайым құрметпен қараймыз, — деді Президент.
Бүгін сондай- ақ руханиятымызға ерекше еңбек сіңіргені үшін белгілі өнер майталмандары — Болат Әбділманов, Тамараасар Жанқұл, Шынар Жанысбекова «Қазақстанның халық әртісі» атағына лайық деп танылды.
Сондай-ақ мәдениет саласын дамытуға зор үлес қосқаны үшін Нина Жмеренецкая, Бақыт Қажыбаев, Зарина Алтынбаева және Әйгерім Алтынбек «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие болды.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге айрықша үлес қосып жатқан Иван Сауэрге «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді.
— Жоғары мемлекеттік марапаттарды халқымыздың шынайы ықыласы және сый-құрметі деп қабылдаңыздар. Бүгін әрбір облыста жүздеген лайықты азаматымыз менің Жарлығыммен жоғары мемлекеттік наградамен марапатталады, — деді Мемлекет басшысы.
Еске сала кетейік, бүгін Республика күні қарсаңында Президент бір топ азаматты мемлекеттік наградамен марапаттады.
Президент ғылымға қосқан үлесі үшін мемлекеттік наградалар берді.