Шәй ішіп арықтауға болады — маман кеңесі

АСТАНА. KAZINFORM — 21 мамыр — Дүниежүзілік шай күні. Статистикалық деректерге сүйенсек, әлемде әр секунд сайын 15 мың кесе шай ішіледі екен. Қазақ «Шай ішпесем басым ауырады» дегенді жиі айтады. Бұл сусынның пайдасы қандай? Зияны бар ма? «Бүгін LIVE» студиясына қонақ болған сарапшы мамандар осы сұрақтарға жауап берді. 

Шәй ішіп арықтауға болады — маман кеңесі
Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

— Қазіргі уақытта шайларға көбіне химиялық қоспалар, түрлі бояулар қосады. Әрине, ондай шайлар зиян. Таза, жапырақты шайларды ішуге болады. Тек көп мөлшерде ішпеу керек. Егер бәрін мөлшерімен ішсе, денсаулыққа керісінше пайдалы, — дейді өндіріс пен сауда желісінің басқарушысы Әнел Шаяхметова.

Ал нутрициолог маман шайдың пайдасы мен зиянына жеке-жеке тоқталды.

Шәй ішіп арықтауға болады – маман кеңесі
Фото: Видеодан алынған скрин

— Шай қазақ мәдениетінің бір бөлшегі ғой. Сол себепті халыққа шай ішпе деп айта алмайсың. Бірақ шайдың пайдасы да, зияны да көп. Пайдасына тоқталсақ, ол қан қысымын көтереді. Қан қысымын төмендететін шайлар да бар. Одан бөлек иммунитетті көтеретін, жүрек қағысын, жүйке жүйесін ретке келтіретін шайлар бар. Шай ішудің нақты нормасы болмайды. Әр адамның өз нормасы бар. Шайды тамақтан соң 30 минут өткеннен кейін ішсе, пайдалырақ болады. Шайдың ішінде кофеин болады. Ол кей адамдарда қорытылмайды. Адамдар сүт қосылған шай ішкенде оған қант қосып, десерт жеп отырып ішеді. Сол кезде артық салмақ қосып алуыңыз мүмкін, — дейді Әйгерім Абыраева.

Маман шай ішіп арықтауға болатынын айтады. Ол үшін зімбір шайын тамақ ішіп болған соң, 30 минуттан кейін ішу керек екен.

— Жасыл шай қан қысымын түсіреді. Ал зімбір шайы керісінше көтереді. Одан бөлек, зімбір шайы метаболизмді жылдамдатады. Солай арықтауға болады. Тек оны тамақтан кейін ішу керек. Аш қарынға ішсеңіз, асқазанның қышқылына зиян келтіруі мүмкін. Ал тамақпен бірге ішсеңіз, тамақтағы түрлі дәрумендердің сіңуін қиындатып, тіпті кей дәрумендерді жойып жібереді, — дейді ол.

Дұрыс тамақтану бойынша маман қан қысымын реттеуге каркаде жапырақтары таптырмас ем екенін жеткізді.

— Каркаде шайы қан қысымын реттеуге көмектеседі. Бірақ оны дұрыстап демдеу керек. Оны ыстық суда қайнатудың қажеті жоқ. Жай ғана қайнаған жылы суға салып, тұндырып қоясыз. Егер қан қысымын көтеру керек болса, оны жылы күйінде ішесіз. Ал керісінше түсіру керек болса, суытып ішу керек, — дейді ол.

Шай саласы бойынша өндіріс пен сауда желісінің басқарушысы табиғи, химиялық қоспасыз шайды қалай ажыратуға болатынын түсіндірді.

Шәй ішіп арықтауға болады – маман кеңесі
Фото: Видеодан алынған скрин

— Дұрыс шайды жай ғана түріне қарап таңдай алмаймыз. Оны міндетті түрде ыстық суға салып тексеру керек. Оны ыстық суға салғанда өзінің түсі пайда болады. Қазір кей шайларды қайнамаған салқын суға салсаң да түсі әдемі болып шыға келеді. Қазақтар ыстық күні сүт қосылған қою шайды ішкенді жақсы көреді. Бірақ сол шайлардың көбінде бояу бар. Таза шай жапырақты, қоқымы аз болуы керек, — дейді Әнел Шаяхметова.

Айта кетейік, еліміздегі мектептерде тамақтанудың жаңа стандарты әзірленді.

 

Соңғы жаңалықтар