Шайбалы хоккейден әлем чемпионаты: Швеция құрамасы қола жүлдегер атанды

хоккей
Фото: pixabay.com

АСТАНА. KAZINFORM - Шайбалы хоккейден әлем чемпионаты элиталық дивизионында Швеция құрамасы қола жүлдегер атанды. 

Швециялық хоккейшілер 3-орын үшін сайыста Канадамен шеберлік байқасты. Тартысты өткен бәсекеде қос құрама жеңіске деген жігерлі қимылымен көзге түсті. Нәтижесінде олар екі кезеңде бір-бір шайбадан соғып кетті.

Шешуші үшінші кезеңде швециялық хоккейшілер үш гол соқса, оған мұхиттың арғы жағынан келген құрама бір шайбамен жауап қайырды. Осылайша Швеция қарсыласынан 4:2 есебімен басым түсіп, қола жүлдеге қол созды.

Енді финалда Чехия мен Швейцария кездеседі.

Айта кетсек, биыл Қазақстан құрамасы элиталық дивизиондағы орнын бесінші жыл қатарынан сақтап қалды. 

Қазақстан құрамасы топтық кезеңде Франция мен Польшаны 3:1 есебімен жеңсе, Словакияға 2:6, Латвияға 0:2, Швецияға 1:3, Германияға 2:8, АҚШ-қа 1:10 есебімен есе жіберген болатын. 

Айта кетейік, қазақстандық хоккейшілер 1998 жылдан бері әлем чемпионаты элиталық дивизионында өнер көрсеткен. Әзірге 2021 жылдағы 10-орынға табан тіреуі ең жоғары жетістігі саналып отыр. 

Соңғы жаңалықтар