Шайбалы хоккейден әлем чемпионы атанған Чехия құрамасының ойыншылары кубокты сындырып алды

АСТАНА. KAZINFORM – Чехия құрамасы өз елінде шайбалы хоккейден өткен әлем чемпионатында топ жарғаны белгілі. 2010 жылдан бері чемпиондық кубокты алғаш рет басына көтерген чехтар әлі күнге дейін жеңісті тойлап жатыр.

Шайбалы хоккейден әлем чемпионы атанған Чехия құрамасының ойыншылары кубокты сындырып алды
Фото: Reuters

Ел астанасы Прага көшесінде арнайы сахна құрылып, мыңдаған тұрғын спортшыларға құрмет көрсетуге жиналған. Мұндай көріністі әдетте ел аралап концерт беретін әйгілі әншілердің қатысуымен өтетін іс-шаралардан көруге болады.

Ескі қала алаңындағы шеруден кейін мерекелік думан мейрамханада жалғасқан. Онда Чехия құрамасының шабуылшысы Яхим Конделик өзінің әлеуметтік желісінде қорғаушы Михал Кемпныйдың сынған кубокты көрсеткен видеосын жариялады. Қуанышы қойнына сыймаған хоккейшілер кубокты ары-бері жұлмалап, сақтық шараларын ұмытып кеткенге ұқсайды. Кубок жоғалса да, тарихта Чехияның чемпион болғаны жазылатыны анық.

Естеріңізге салсақ, Чехия құрамасы финалда Швейцариядан айласын асырған еді.