Шайбалы хоккейден Чехия құрамасы 2024 жылғы әлем чемпионы атанды

спорт
Фото: championat.com

АСТАНА. KAZINFORM - Шайбалы хоккейден Чехия құрамасы финалда Швейцарияны жеңіп, 2024 жылғы әлем чемпионы атанды.

Кездесу барысында құрамалар тартысты ойын өткізді. Қарсыластар алғашқі екі кезеңде бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ.

Үшінші кезеңде чехиялық Давид Пастрняк 49-минутта мергендік танытса, Давид Кемпф 59-минутта жеңіс шайбасын соқты.

Осылайша Чехия қарсыласын 2:0 есебімен жеңіп, әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Нәтижесінде мұндай табысты өз тарихында жетінші мәрте бағындырып отыр.

Чехиялық хоккейшілер соңғы рет мұндай жетістікке 2010 жылы қол жеткізген еді.

Айта кетсек, бұдан бұрын әлем чемпионатында Швеция құрамасы қола жүлдегер атанды.

Биыл Қазақстан құрамасы элиталық дивизиондағы орнын бесінші жыл қатарынан сақтап қалды.

Қазақстан құрамасы топтық кезеңде Франция мен Польшаны 3:1 есебімен жеңсе, Словакияға 2:6, Латвияға 0:2, Швецияға 1:3, Германияға 2:8, АҚШ-қа 1:10 есебімен есе жіберген болатын.

Әлем чемпионаты 1920 жылдан бері тұрақты өткізіліп келеді. Содан бергі кезеңде Канада - 28, КСРО (Ресей) - 27, Чехословакия (Чехия) - 12, Швеция - 11, Финляндия - 4, АҚШ - 2, Ұлыбритания мен Словакия - 1 мәрте жеңіс тұғырына көтерілді.

Соңғы жаңалықтар