Шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы әлем чемпионатына дайындығын бастайды

спорт
Фото: icehockey.kz

АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін, 10 сәуірде шайбалы хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасы елордада элиталық дивизиондағы әлем чемпионатына оқу-жаттығу жиынын бастайды.

Оқу-жаттығу жиыны «Барыс Аренада» басталады.

Оған шетелдік және отандық клубтарда ойын көрсететін хоккейшілер шақыру алған.

«Оқу-жаттығу жиынына ойын тәжірибесі жоғары хоккейшілердің барлығын шақыруға мүмкіндік туды. Алғашқы дайындыққа өз клубтарында маусымды аяқтаған ойыншылар келеді. Қалғаны Гагарин кубогы және Қазақстан чемпионаты плей-офф сатысындағы жарысын аяқтағаннан кейін қатарға қосылады», - деді бас бапкер Ғалым Мәмбетәлиев.

Айта кетсек, шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы мамыр айында Астана қаласында Ресей және Беларусь құрамаларымен жолдастық кезлесу өткізеді.

Елордада 2-4 мамыр аралығында Qazaqstan Hockey Open турнирі жалауын көтереді. Оған Қазақстан, Ресей және Беларусь құрамалары қатысады.

Әлем чемпионаты 10-26 мамыр аралығында Чехияның Прага және Острава қалаларында өтеді. Топтық кезеңде ұлттық құрама АҚШ, Германия, Швеция, Словакия, Латвия, Франция және Польшамен сынға түседі.

Соңғы жаңалықтар