Шайбалы хоккей: «Ертіс» қатысатын Құрлықтық кубогқа іріктеу қалай өтеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Шайбалы хоккейден Павлодардың «Ертіс» командасы қатысатын Құрлықтық кубогтың іріктеу кезеңін өткізу жүйесі нақтыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Қазақстан хоккей федерациясына сілтеме жасап.

Іріктеу ойындары 16-18 қазан күндері өткізіледі. Онда турнирдің топтық кезеңінде сынға түсетін командалар анықталады. Ол 13-15 қараша күндері ойналады.

Іріктеу кезеңінде командалар төрт топқа бөлінеді. Бұрын командалар екі топ бойынша шеберлік байқасатын. Енді әрбір топтан жеңімпаз ұжымдар ғана жарыстың финалдық сатысында бақ сынауға мүмкіндік алады. Финалдық ойындар ақтық сынға шыққан төрт клубтың бірінің айдынында өткізіледі.

Биыл аталған турнирде ел намысын қорғайтын «Ертіс» Францияның Амьен қаласында С тобында ойнайды. Қарсыластары - «Готик» (Амьен, Франция), «Ференцварош» (Будапешт, Венгрия) және іріктеу кезеңінде В тобында екінші орын алған команда.

Халықаралық турнир 1997 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. 2018/19 жылғы кезеңде қазақстандық «Арлан» (Көкшетау) командасы чемпион атанды. Ал 2016/17 жылғы кезеңде «Бейбарыс» (Атырау), 2017/18 жылғы кезеңде «Номад» (Нұр-Сұлтан) командалары күміс жүлдегер болса, 2007/08 жылғы кезеңде «Қазцинк-Торпедо» қола медальға қол созды.

Бұдан бұрын Қазақстан шайбалы хоккейден 2026 жылғы әлем чемпионатын қабылдауға үміткер екенін хабарлаған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар