Шайбалы хоккейден ӘЧ: Қазақстан құрамасы АҚШ-қа есе жіберді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Шайбалы хоккейден 2021 жылғы әлем чемпионатының элиталық дивизионында бүгін Қазақстан құрамасы үшінші ойынын АҚШ-пен өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шайбалы хоккейден ӘЧ: Қазақстан құрамасы АҚШ-қа есе жіберді

Бүгінгі кездесуде де қазақстандық хоккейшілер қарсыласымен терезесі тең деңгейде ойын көрсетті. Десе де тәжірибелі хоккейшілерден жинақталған американдық құрама кейбір жағдайда басымдық танытып жатты.

Ойынның бірінші кезеңінің 6-минутында Адам Кленденинг есеп ашса, екінші кезеңнің 21-минутында Тревор Мур есепті үстемелей түсті.

Үшінші кезеңде де американдық құрама басымдығын арттыра түсті. Нәтижесінде 41-минутта Джек Друри мергендік танытты. Осылайша Қазақстан құрамасы қарсыласына 0:3 есебімен есе жіберді.

Еске салсақ, бұдан бұрын қазақстандық хоккейшілер алғашқы екі ойында басым түсті. Алдымен Латвияны буллитен 3:2 есебімен жеңсе, одан кейін Финляндияны буллитен 2:1 есебімен тізе бүктірді.

Енді қазақстандық хоккейшілер келесі ойынын 26 мамырда Германия құрамасына қарсы өткізеді. Ал АҚШ құрамасы 27 мамырда Латвиямен шеберлік байқасады.