Шайбалы хоккейден ӘЧ: Қазақстан қыздары Оңтүстік Кореядан жеңілді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шайбалы хоккейден әлем чемпионатында Қазақстан әйелдер құрамасы Оңтүстік Кореямен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кездесу барысында құрамалар тартысты ойын өткізді. Алғашқы екі кезеңде олар бір-бірден шайба соқты. Алдымен корейлік хоккейші Су Чжин Хан 4-минутта есеп ашса, оған қазақстандық Лариса Свиридова 9-минутта бір шайбамен жауап қайырды.
Ойынның 57-минутында Хи Вон Ким жеңіс шайбасын соғып кетті.
Осылайша, қазақстандық хоккейшілер қарсыласына 1:2 есебімен жол берді.
Айта кетсек, Оңтүстік Кореяның Сувон қаласында 17-23 сәуір аралығында бірінші дивизионның В тобында ойындар өтті.
Еске салсақ, бұған дейін қазақстандық хоккейшілер Ұлыбританияға 0:1, Словенияға 1:2, Италияға 0:3, Польшаға 2:3 есебімен есе жіберді.
Топтық кезеңде 14 ұпай жинап, бірінші орын алған Оңтүстік Корея жоғары дивизионға жолдама алды.